​Цитрусты жемістермен диета ұстаудың пайдасы көп

0
148

Диета ағзаны дәрумендермен қамтамасыз етіп, зат алмасуды жақсартуға, артық салмақты біртіндеп азайтуға және жалпы сергектік пен жеңілдік сыйлауға бағытталған.


​Цитрусты жемістермен диета ұстаудың пайдасы көп


Қатал диеталардан шаршаған боларсыз?! Ендеше диета деп ойламай, жай ғана күнделікті қажеттілік, тамақтану деп қарап цитрусты жемістерді ас мәзіріне қосу арқылы қиналмай арықтай аласыз. Апельсин, лимон, мандарин, грейпфрут сияқты жемістердің пайдасы жайлы көп айтылғанымен, олармен дұрыс диета ұстау жайлы айтарлықтай ақпарат берілмейді. Бүгін біз цитрусты жемістердің ағзаға әсері, артықшылықтары мен қауіптері, сондай-ақ мұндай диетаны кімдерге жақсы әсер ететінін, кімдерге зиян болуы мүмкін екенін айтатын боламыз.

Цитрусты жемістер – дәрумендерге, әсіресе С дәруменіне бай табиғи өнімдер. Олардың құрамында антиоксиданттар, органикалық қышқылдар, талшықтар (клетчатка), минералдар мен эфир майлары мол. Бұл жемістер иммундық жүйені нығайтып, ағзаны тазартып, зат алмасуды жеделдетуге ықпал етеді.

Цитрусты жемістердің калориясы төмен, бірақ тойымдылық қасиеті жоғары. Сондықтан олар диета ұстаушылар арасында кеңінен қолданылады. Әсіресе грейпфрут майдың ыдырауына көмектеседі деген пікір кең тараған.


Цитрусты диета несімен танымал?

Цитрусты жемістерге негізделген диетаның танымал болуы бірнеше факторға байланысты. Біріншіден, бұл жемістер қолжетімді әрі дәмді. Екіншіден, қысқа уақыт ішінде салмақтың азаюы байқалады. Үшіншіден, ағзада жеңілдік сезімі пайда болып, ісіну азаяды.

Сонымен қатар цитрусты жемістердің сергітетін әсері бар. Олардың иісі мен дәмі көңіл күйді көтеріп, шаршауды басуға көмектеседі. Сондықтан мұндай диета тек физикалық емес, психологиялық тұрғыдан да тартымды көрінеді.

Цитрусты диетаның оң әсерлері аз емес. Ең алдымен, ол ағзаны дәрумендермен қамтамасыз етеді. С дәрумені терінің күйін жақсартып, суық тиюдің алдын алады. Сонымен қатар, цитрус құрамындағы талшық ішек жұмысын реттеп, ас қорытуды жақсартады.

Бұл диета кезінде қант пен майлы тағамдар шектелетіндіктен, ағза артық калориядан арылады. Нәтижесінде салмақ біртіндеп азаяды. Цитрусты жемістердің құрамындағы антиоксиданттар ағзаны токсиндерден тазартып, жасушалардың жаңаруына ықпал етеді.


Цитрусты диетаның кемшіліктері мен қауіптері

Дегенмен цитрусты жемістермен ұзақ уақыт диета ұстаудың кері әсерлері де бар. Бұл жемістердің құрамында қышқыл көп болғандықтан, асқазан-ішек жолына салмақ түсіреді. Асқазан қышқылдығы жоғары, гастрит немесе ойық жарасы бар адамдар үшін мұндай диета өте қауіпті болуы мүмкін.

Сонымен қатар, тек цитрусты жемістермен қоректену ағзаны ақуыз, пайдалы майлар мен кейбір минералдардан шектейді. Бұл әлсіздікке, бас айналуға, шаршауға, тіпті гормоналды тепе-теңдіктің бұзылуына әкелуі мүмкін. Ұзақ уақыт біржақты тамақтану иммунитеттің төмендеуіне де себеп болады.


Цитрусты диета кімдерге жарамайды?

Цитрусты жемістерге негізделген диета барлығына бірдей жарай бермейді. Асқазан аурулары бар адамдарға, жүкті және бала емізетін әйелдерге, қант диабетімен ауыратын жандарға мұндай диетаны ұстануға болмайды. Сонымен қатар, аллергиясы бар адамдар үшін де цитрус қауіпті болуы мүмкін.

Балалар мен жасөспірімдерге де тек цитрусты жемістермен диета ұстау ұсынылмайды, себебі өсіп келе жатқан ағзаға толыққанды қоректік заттар қажет.


Цитрусты жемістерді дұрыс пайдалану жолдары

Цитрусты жемістерден толықтай бас тартуға болмайды. Керісінше оларды дұрыс мөлшерде және үйлесімді түрде тұтыну маңызды. Диета кезінде цитрусты жемістерді таңғы асқа немесе түскі ас арасында жеу пайдалы. Оларды ақуызға бай тағамдармен (айран, сүзбе, жаңғақ, балық) үйлестірсе, ағзаға түсетін салмақ азаяды.

Көптеген диетологтар цитрусты диетаны қысқа мерзімді тазару немесе витаминдік қолдау ретінде ғана қолдануға болатынын айтады. Ал ұзақ уақыт бойы тек цитрусқа негізделген диета ұстау дұрыс емес деп есептеледі. Салмақты тұрақты әрі қауіпсіз түрде азайту үшін әртүрлі тағам түрлерін қамтитын теңгерімді мәзір қажет.


7 күнге арналған цитрусты диета мәзірі

Бұл 7 күндік диета мәзірі цитрусты жемістерді (апельсин, мандарин, лимон, грейпфрут) дұрыс әрі қауіпсіз түрде қолдануға негізделген. Диета ағзаны дәрумендермен қамтамасыз етіп, зат алмасуды жақсартуға, артық салмақты біртіндеп азайтуға және жалпы сергектік пен жеңілдік сыйлауға бағытталған. Ең бастысы асқазан-ішек жолдарына артық салмақ түсірмей, салауатты өмір салтын қалыптастыруға көмектеседі.


1-КҮН

Таңғы ас:
– Лимон қосылған жылы су
– 1 апельсин
– Сұлы ботқасы (сумен)

Түскі ас:
– Көкөніс сорпасы
– Тауық еті (қайнатылған)
– Қияр-қызанақ салаты + лимон шырыны

Түстен кейін:
– 1 мандарин

Кешкі ас:
– Айран
– Жарты грейпфрут


2-КҮН

Таңғы ас:
– Апельсин + алма
– 1 қайнатылған жұмыртқа

Түскі ас:
– Буға піскен балық
– Көкөніс гарнир
– Лимон қосылған салат

Тіскебасар:
– Мандарин (2 дана)

Кешкі ас:
– Сүзбе
– Апельсин тілімдері


3-КҮН

Таңғы ас:
– Лимонды су
– Сұлы + апельсин қабығы үгіндісі

Түскі ас:
– Көкөніспен бұқтырылған тауық
– Жасыл салат

Тіскебасар:
– Грейпфрут

Кешкі ас:
– Айран
– 1 мандарин


4-КҮН

Таңғы ас:
– Апельсин смузи (айранмен)
– 1 жұмыртқа

Түскі ас:
– Қайнатылған сиыр еті
– Қырыққабат салаты + лимон

Тіскебасар:
– Апельсин

Кешкі ас:
– Сүзбе
– Мандарин


5-КҮН

Таңғы ас:
– Лимон қосылған су
– Бананның жартысы + апельсин

Түскі ас:
– Балық сорпасы
– Көкөніс салаты

Тіскебасар:
– Грейпфрут

Кешкі ас:
– Айран
– 1 мандарин


6-КҮН

Таңғы ас:
– Апельсин
– Сұлы ботқасы

Түскі ас:
– Буға піскен тауық
– Көкөніс гарнир
– Лимон шырыны

Тіскебасар:
– Мандарин (2 дана)

Кешкі ас:
– Сүзбе
– Апельсин тілімі


7-КҮН

Таңғы ас:
– Лимонды жылы су
– Апельсин + алма

Түскі ас:
– Көкөніспен бұқтырылған ет
– Жасыл салат

Тіскебасар:
– Грейпфрут

Кешкі ас:
– Айран
– Мандарин

Қосымша пайдалы кеңестер:

✔ Цитрусты аш қарынға көп жеуге болмайды.
✔Кешке лимоннан гөрі мандарин немесе апельсин жеңіз.
✔Диетаны 7-10 күннен асырмау ұсынылады.
✔Қозғалыс пен серуен қосуды ұмытпау керек.