ТОЙдағы ыңғайсыз ОЙЫНдарға «ТОЙЫП БІТТІК»

0
212

Қазақтың ұлттық ойындары мен салт-дәстүрін заманауи түрде ыңғайлайық


ТОЙдағы ыңғайсыз ОЙЫНдарға «ТОЙЫП БІТТІК»

Сурет: ЖИ

Қазақ халқы үшін той тек қуаныш бөлісетін жиын емес, екі елді жақындастыратын, салт-дәстүрді жаңғыртатын үлкен мәдени алаң. Десе де, кейінгі кезде той-томалақтағы ойындар мен би жарыстар бет қызартып болды. Бұл — қазіргі қазақ қоғамында өте жиі талқыланатын, пікір екіге жарылатын ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Бірі «той деген — қуаныш, халық шын көңілмен күліп-ойнап, демалуы керек» десе, екінші тарап «қуаныштың да шегі бар, тәрбие мен әдептің шекарасынан аттамау керек» дегенді алға тартады. Өкінішке қарай, арзан күлкі мен рейтинг қуған кейбір асабалардың кесірінен ұлттық мәдениетіміздің ошағы болуы тиіс тойларымыз ұяттың сахнасына айналып бара жатқандай.


Көңілден шықпайтын, сыни жақтары

Көпшілік халықтың наразылығын тудыратын басты теріс тұстары – этика мен талғамның төмендеуі. Кей асабалар халықты күлдіремін деп, бүлдіріп жатқанын байқамай қалады. Жыныстық астарлы немесе ұятқа қалдыратын бөтелкені сирақтың арасына қысып жүгіру, шарды бір-біріне жабысып жару сияқты дөрекі және әдепсіз астарлары бар ойындар ойнатады. Бұл үлкендер мен жастар, құдалар қатар отырған тойда ыңғайсыз жағдай туғызады.

Сондай-ақ, көпшілікті күлдірем деп адамның жеке басын келемеждеу белең алады. Қонақтардың салмағын, сырт келбетін, бойын немесе физиологиялық ерекшеліктерін әзілге айналдырып, халықтың алдында ыңғайсыз күйге түсіретін то басқарушылар аз емес. Тегін сыйлық немесе ақша беремін деп, қонақтарды шектен тыс билеткізу, артық қозғалыстар жасатқызып, мағынасыз мазаққа айналдыру да орын алады. Қызығы, қызды-қыздымен тым ерсіленіп кететін жынойнақ билерге той үстінде ешкім тыйым салмайды, қызықтап қарайды.


Көңіл қуантатын, заманауи дамыған тұсы

Соңғы жылдары қазақ тойларында мәдениеті жоғары, интеллектуалды асабалардың тобы қалыптасып келеді. Экранды қолдану арқылы жастардың да, үлкендердің де қызығушылығын тудыратын интеллектуалды және цифрлық ойындар өткізіп, жарасымды бұзбай жарыстырады. Халық жадында жатталған ескі әндерді табу, мақал-мәтелдерді табу, заманауи мемдер немесе отбасылық фотоархивтерді пайдалану арқылы викториналар өткізу – осының мысалы.

Бұған қоса салт-дәстүрді заманауи форматта жаңғырта отырып, тапқырлыққа, шешендікке, импровизацияға негізделген ойындар ұйымдастырса, қандай ғанибет болар еді. Бұл қазіргі қазақ тойларына ауадай қажет бағыт. Қазақтың ұлттық ойындары мен салт-дәстүрлерінің түпкі мәнінде үлкен тапқырлық, юмор, сыйластық және физикалық белсенділік жатыр.

Егер бұрынғы ойындарды тура сол күйінде емес, заманауи технологиялармен, интерактивті форматпен және жеңіл юмормен ұштастырса, тойдың деңгейі де, қонақтардың қызығушылығы да артатыны анық. Осы орайда салт-дәстүр мен ойын-сауықты байланыстыратын нақты 5 ойын сценариін ұсынамыз.


1. «Асық ату»

Дәстүрлі асық ату ойынын өткізу немесе жұмсақ паралоннан жасалған үлкен асықтарды нысанаға ату. Бұл әсіресе балалар мен жастарға, тіпті құдаларға да өте қызықты болар еді. Ешкімді оғаш қылыққа итермелемейді әрі қауіпсіз.


2. Заманауи «Арқан тартыс»

Кешкі сәнді көйлек, костюм-шалбар киген қонақтарды физикалық түрде арқан тартыс сайысына салу ыңғайсыз. Алайда оны экран арқылы өткізуге болады. Экранда виртуалды арқан бейнеленеді. Екі тарап (мысалы, күйеу жақ пен келін жақ) кезекпен қазақтың тарихы, салт-дәстүрі немесе жастардың өмірі туралы сұрақтарға жауап береді. Әрбір дұрыс жауап берілген сайын экрандағы арқан сол команданың жағына қарай тартыла береді.


3. «Қыз қуу»

Күйеу жігіт пен келінді немесе той қонақтары арасынан бойдақтарды сахнаға шығарып, арнайы дөңгелек тақтада немесе экранда «Сұрақ-жауап» раундын өткізу. Егер жігіт қыздың немесе асабаның қойған сұрағына жауап бере алмаса, қыз арқасынан қамшымен ұрады немесе жеңіл айыппұл тапсырмасын береді. Егер дұрыс тапса, жігіт өыздың бетінен сүйеді немесе сыйлыққа ие болады.


4. «Бастаңғы»

Бағзы замандағы бастаңғы – жастардың үлкендерсіз жиналып, өнер көрсететін, сырласатын кеші болған. Заманауи нұсқасы – тойдың екінші жартысында, үлкендер үйге қайта бастағанда, жастар арасында «Ұлттық этно-микс» ойынын ұйымдастыру. Мұнда заманауи хит әндерді сүйемелдеумен айту немесе трендтегі билерді қайталаудан жарыс өткізуге болады.


5. «Қоржын ашу» немесе «Түйе шешкізу»

Бұрын қоржын ашу немесе түйе шешкізу үлкен дәстүр болған. Заманауи ойынға айналдыру үшін «Тілектер мен жұмбақтар қоржыны» жасалуға тиіс. Қоржынға сыйлықтар жасырылады. Асаба қоржыннан сыйлықты жай бере салмайды, әр сыйлықтың артында жұмбақ, жаңылтпаш немесе әдемі тарихи деталь, т.б. жасырылады. Сыйлықты алу үшін қонақ жауабын табуы керек.

Әрине, осындағы сипаттаумен қатып қалған дүние жоқ. Кез келген ұлттық ойынды заманға сай қайта жаңғыртуға болады. Бәрі өз қиялыңызға байланысты. Салтқа сай, дәстүрді дәріптейтін, әдептен озбайтын ойын ойластырғанда ортада ұят пен ынғайсыздық жайламайды. Ешкімнің ар-намысына нұқсан келмейді, үлкендер де, кішілер өзін жайлы сезінеді. Жас ұрпақ өз тарихын, салт-дәстүрін ойын түрінде жеңіл сіңіреді. Бірсарынды, жауыр болған ойындардан мезі болған қонақтарға жаңа леп сыйлайды.

Асабаның ойындары – тойдың деңгейі мен дәрежесін белгілейтін бір фактор. Арзан күлкіге құрылған, этикаға жат ойындар қуаныштың сәнін қашырады. Тәрбиелі, зиялы, ұлттық құндылықтар мен заманауи юморды ұштастыра білетін асабалардың ойындары қашан да көңілден шығады және жиынның деңгейін көтереді. Сондықтан той иелері де асаба таңдағанда оның ойын сценарийін алдын ала талқылап, шектен шықпауын талап еткені дұрыс.

Ханбибі ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Ұзатудағы КҮЙЕУДІҢ СӘЛЕМІ көпшіліктің КӨҢІЛІНЕН ШЫҒУДА