Егер адамның шотына үш ай қатарынан ай сайын 100 және одан да көп әртүрлі адамнан ақша түссе және аударымдардың жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асса, мұндай аударымдар салық органдары белгілеген талаптарға сәйкес келеді.
Фото: ChatGPT
ERNUR.KZ. 2026 жылы банк аударымдарын тексеру нәтижесінде 115 мың қазақстандыққа салық органдарынан хабарлама келген. Сондықтан аударымдары салық органдары белгілеген талаптарға сәйкес келген азаматтар кәсіпкерлікпен айналыспаса да, табысы туралы декларация тапсыруы керек, деп жазады stan.kz.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, мұндай хабарлама адамның заң бұзғанын немесе оған бірден айыппұл салынып, қандай да бір шектеу қойылатынын білдірмейді. Комитеттің түсіндіруінше, хабарламалар ақпараттық сипатта.
Қандай жағдайда декларация тапсыру керек?
Егер адамның шотына үш ай қатарынан ай сайын 100 және одан да көп әртүрлі адамнан ақша түссе және аударымдардың жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асса, мұндай аударымдар салық органдары белгілеген талаптарға сәйкес келеді.
Осындай жағдайда азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелмесе немесе өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимін қолданса, алған табысын 2026 жылға арналған кірістер мен мүлік туралы декларацияда, яғни 270.00 нысанында көрсетуі керек.
"Егер жеке тұлға жеке кәсіпкер ретінде тіркелмесе немесе өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимін қолданса, алынған табысты 2026 жылға арналған кірістер мен мүлік туралы декларацияда көрсету қажет. Декларацияны 2027 жылғы 1 қаңтардан 15 қыркүйекке дейін тапсыру керек. Ал жеке табыс салығын 25 қыркүйекке дейін төлеу қажет. Егер азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болса, табысты көрсету тәртібі қолданылатын салық режиміне байланысты", – деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер комитеті.
Яғни 2026 жылғы тексеру қорытындысы бойынша хабарлама алған және содан кейін жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген азаматтар табысын 2027 жылғы 15 қыркүйекке дейін декларациялауы керек. Жеке табыс салығын төлеудің соңғы мерзімі – 25 қыркүйек.
Декларациядағы мәлімет сәйкес келмесе не болады?
Декларациялар тапсырылғаннан кейін салық органдары ондағы мәліметтерді екінші деңгейлі банктерден алынған ақпаратпен салыстырады. Егер банк берген мәлімет пен салық есебінде көрсетілген табыс арасында айырмашылық анықталса, камералдық бақылау жүргізіледі.
Сәйкессіздік анықталған жағдайда азаматқа салық органынан хабарлама келеді. Оны 30 күн ішінде орындау қажет.
Егер азамат анықталған айырмашылықпен келіссе, тиісті салық есептілігін тапсырады. Ал келіспесе, айырмашылықтың неден пайда болғанын түсіндіріп, салық органына түсініктеме бере алады.


