Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар.
фото: a-o-j-m.blogspot.com
Десе де, тозығы жетпей, ұмытылғандары да кездеседі. Ешбір елді мекенде қазір кездеспейтін сол дәстүрлер қазақтың өмір салтына қандай пайда тигізгенін, жаңғыртса қандай қайырымы болары айтпаса да түсінікті әрі өзекті. Сол көне дәстүрлердің бірі - тәжім ету.
Қазақ ұлтының тарихына үңілер болсақ, ертеде үйленер алдында болашақ келін жігіттің қара шаңырағында отқа май құйып, жанып жатқан отқа үш рет тәжім ету салтанатын өткізген, яғни, басын жерге тигізген. Күйеу бала қайынжұртына алғаш рет келгенде сол ауылдың келіндері мен жеңгелеріне тәжім етеді. Егер күйеу баланың қолы жерге дейін жетіп, қаншалықты иілсе, соншалықты қайынжұртына деген сыйластығы мен құрметін білдіретін болған. Ол отқа «май ана, от ана жарылқа» деп тәжім жасаған, ал әйелдер оттың жалынына алақандарын тосып, келіннің бетін сипаған. Осыдан кейін келінді жұмсақ иленген терінің үстіне отырғызған. Тәжім ету дәстүрі үйленуге ғана қатысты болмаған. Тәжім ету қазақтың әдеті де, әдебі де болған.
Қазақтың қай дәстүрін болса да түсіну үшін, оның атауына, сөзінің түбіріне мән беру керек. Мысалы, тәжім ету деген сөздің өзіне мән беретін болсақ, оның түбірі – «тәж». Яғни, басымды идім, құрмет көрсеттім дегенді білдіреді. Тәжім ету - сәлемнің салтанатты түрі, құрметтің ерекше белгісі.
фото: ru.wikipedia.org
Ертеде қазақтар баланың, жастардың, келіннің және жалпы қоғамның тәртібі мен тәрбиесі дегенге баса назар аударған. Тәжім ету отқа табыну емес, тәжім ету - сәлем салу. Кішінің үлкенге деген, құдалардың бір-біріне деген, келіннің қайын жұртқа деген құрметі.
Этнографтардың айтуынша, тәжім ету дәстүрін бүгінгі қоғамға қайта алып келу керек, себебі «сәлем салудың салмағы жоғалып барады».
Халқымызда «сәлем - сөздің атасы» деген сөз бар. Тәжім ету жалпы, кейбір өңірде әлі де бар. Қазақтың салт-дәстүрі ойдан шыққан ойыншық емес, сәлем беру, отқа май құю, қолтықтан сүйеу дегеннің барлығында үлкен этика, эстетика жатыр, тіпті гигиеналық, психологиялық астары бар.
Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз: