​Балаға ат қоярда АЗАН ШАҚЫРУ міндетті ме?

0
178

Туғанда құлақтан кірген азан өлерде аузынан кәлима боп шығады


​Балаға ат қоярда АЗАН ШАҚЫРУ міндетті ме?

Сурет: ЖИ

Дүние есігін жаңа ашқан сәбиге ат қою – ата-ананың парызы. Ал болашақ өміріне тигізер ықпалы мен әсерін болжау, мән-мағынасына бойлай отырып, дұрыс есім таңдау – ата-ананың жауапкершілігі.

Кім де болсын, өз перзентіне жақсы ат таңдауға бар білгені мен түйгенін салары анық. Ал, сол атты қоюда азан шақыруға қаншалықты мән беріп жүрміз?

Соңғы жылдары ат қою кезінде азан шақыруды естен шығарып жатқандаймыз. Перзентханадан келе сала құшағына алып, құлағына айқайлап азан шақырған кімді көрдіңіз? Үйде үлкендер болса, бәлкім, ұмытылмас. Болмаса, кейінге қалдырар. Ал кейде ол туралы ойлауға мұршасы болмай жатады жастардың.


«Нұр-Мүбарак» университетінің алғашқы ұстазы, профессор Мухиддин Паттеев азан шақырып ат қою туралы пікірін былай деп білдірген:

«Бұл – қазақтың дәстүрі. ...Сәбидің құлағына азан шақырып ат қою – Пайғамбарымыздан қалған сүндет.

Оны жай ғана азан шақырып атын қоя салмаған. Арнайы ас беріп, шілдехана жасап біздің қазақ басына көтеріп құрметтеген. Пайғамбарымыздың әрбір жасаған сүннетін құрметтеген.

Хадисте «Азан шақырылған жердің бәрінен жын-шайтандар қашады» делінеді. Сондықтан сәби алғаш өмірге келгенде оның құлағына азан шақыру арқылы одан жын-шайтандарды қашырасың. Әр сәби туғанда құйрығынан шайтан шапалақпен ұратыны туралы сөз бар емес пе? Солар азан шақырылған уақытта қашады.

Екіншіден, сәбидің құлағына кірген азан қайтыс болатын кезінде аузынан кәлима болып шығады. Шыр етіп дүниеге келгенде құлағынан кірген азан бүкіл бойына, рухына сіңіп, өмірден өткенде кәлима болып шығады.

Міне, сондықтан бабаларымыз Пайғамбар (с.ғ.с.) жолын ұстанып, құлағына азан шақырған.»


Сәбиге ат қоярда азан шақыру – халқымыздың ислам дінімен біте қайнасқан дәстүрлерінің бірі. Оны ұмыту баланың болашағына әсер етпей ме? Қандай зияны болуы мүмкін? Құлағына азан шақырылмаған бала неден құр қалады?


Неліктен азан шақырылады?

1. Баланың өмірін Алланың атымен бастау үшін

Азан – исламдағы ең қасиетті шақыру. Бала дүниеге келген сәттен бастап оның құлағына Алланың аты айтылып, өмірі иманмен басталсын деген ниет болады.

2. Жаңа есімді бекіту (рухани тіркеу)

Азан шақырып, баланың есімін құлағына айту – сол атты «рухани түрде бекіту» деп есептелген. Яғни, бұл тек атау емес, баланың болмысына сіңетін белгі.

3. Жын-шайтаннан қорғау сенімі

Халық арасында «Азан айтылған жерде жын-шайтан жоламайды» деген түсінік бар. Сондықтан нәрестені жаман күштерден қорғау мақсатында азан шақырылған.

4. Баланың алғаш еститін сөзі – жақсы сөз болсын деген ниет

Азан сөздері — мағынасы терең, ізгілікке толы. Бала алғаш естіген дыбыс қасиетті, мәнді болсын деген ниет. Нәрестенің құлағына алғашқы болып Алланың ұлықтығы мен пайғамбардың хақтығын естірту — баланың саналы, иманды болып өсуіне септігін тигізеді деп есептеледі.


Ат қою рәсімінің атқарылу тәртібі

Бұл рәсімді әдетте мешіт имамы немесе ауылдың үлкен, көпті көрген, иманды ақсақалдары атқарады. Рәсім келесідей кезеңдерден тұрады:

  1. Құбылаға бет бұру. Баланы жастыққа жатқызып, басын құбылаға қаратады.
  2. Оң құлаққа азан айту. Баланы қолына алған адам оның оң құлағына дауыстап азан шақырады.
  3. Сол құлаққа қамат айту. Кейін баланың сол құлағына қамат (иқамәт) түсіреді.
  4. Есімді үш рет қайталау. Азан мен қамат айтылып болған соң, баланың оң құлағына: «Сенің атың — (пәленше), сенің атың — (пәленше), сенің атың — (пәленше)!» деп есімін үш рет анықтап айтады.
  5. Бата беру. Рәсім соңында жиналған қауым нәрестенің өмір жасы ұзақ, үлкен азамат немесе азаматша болуын тілеп, игі баталарын береді.


Ешқашан кеш емес

Шариғат бойынша, бала туғаннан кейін алғашқы 7 күн ішінде есім беріп, азан шақырған абзал.

Егер қандай да бір себептермен үлгермесе, одан кешірек (тіпті бала есейгенде де) азан шақырып ат қоюға болады.


Азан шақыру – міндет пе?

Исламда жаңа туған баланың құлағына азан айту – Пайғамбар (с.ғ.с.) жасаған сүннет амал.Яғни, жасаса – сауап, жасамаса – күнә емес. Сондықтан егер азан шақырылмаса, балаға ешқандай діни «зиян» немесе «күнә» болмайды. Ат қою рәсімі бәрібір жарамды болып есептеледі.

Азан шақырып ат қою бұл – баланың өміріне жақсылық тілеу, иманды жолға бағыттау әрі ұлттық-рухани тәрбиенің бастауы.

Дайындаған: Төре СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Тойда ТЕҢГЕ ШАШУ – дархандық па, даңғойлық па?