​Алаяқ туроператорлар: алаяқтардың құрбаны болмаудың жолы

0
85

Жаз – демалыс маусымы. Осы уақытта мыңдаған адам турларды агенттіктер арқылы брондайды.


​Алаяқ туроператорлар: алаяқтардың құрбаны болмаудың жолы

ERNUR.KZ. Туроператорларға деген жоғары сұранысты алаяқтар да пайдаланып, өздерін маман ретінде көрсетіп, сенгіш азаматтардан миллиондаған теңгені алдап алады. Мұндай жағдай сіздің де басыңыздан өтпеуі үшін Fingramota.kz шынайы туроператорды жалғанынан қалай ажыратуға болатынын және алаяқтықтан қалай қорғану керектігін хабарлайды.

Неліктен сақ болу маңызды
«Мен алаяқтардың арбауына түспеймін» деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда жаңалықтар лентасына көз жүгіртсеңіз, демалысты асыға күткен кез келген адамның мұндай жағдайға тап болуы мүмкін екенін түсінесіз. Мысалы, мамыр айының соңында Қостанайда турагентке қатысты алаяқтық ісі қарала бастады. Ол Түркия, Таиланд, Вьетнам, Мысыр және басқа да танымал бағыттарға турлар «сатқан», бірақ шын мәнінде ештеңе брондамаған. Жалпы залал көлемі шамамен 55 миллион теңгені құрайды. Кейбір туристер алданып қалғанын ұшар күні ғана білген, ақшасыз да, демалыссыз да қалған. Бірқатары турға кететін шығынды жабу үшін несие де рәсімдеген. Бұл істе Қостанай облысының тұрғындарымен қатар Ресей азаматтары да жапа шеккен.
Тағы бір мысал – Орал қаласынан. Онда бір әйел кемінде 70 қазақстандықты алдап, оларға Малайзия, Бали және Шри-Ланка бағыттарына тиімді турлар ұсынған. Әдеттегідей, адамдар алаяқтық туралы ұшар күні ғана білген. Алаяқ әйел ұшып шығу Алматыдан болады деген, ал басқа қалалардан келгендер үлкен қалада тығырыққа тіреліп қалған. Алаяқ байланысқа шықпаған, кейде жауап берсе де уақыт созып, ақшаны қайтармаған. Кейін әлеуметтік желілерге Түркия мен Малайзиядан түрлі фото-видеолар жариялап жүргені анықталған. Алдын ала мәлімет бойынша, келтірілген залал көлемі 30 миллион теңгеден асады.
Павлодардағы тағы бір жағдай: алаяқ Instagram арқылы Таиландқа арзан турларды жарнамалаған. Сенімге кіргеннен кейін клиенттен 250 мың теңге аванс сұраған, кейінірек «сақтандыруға» деп тағы 250 мың теңге талап еткен. Қаржы қайтаруды сұрағанда, байланысқа шықпай қойған.
Алаяқтар қалай әрекет етеді
Әдетте, алаяқтар өздерін:
турфирма ретінде көрсетеді – жалған сайт немесе әлеуметтік желідегі парақша ашады, тіпті танымал агенттіктердің логотиптерін көшіреді;
жеке менеджер ретінде таныстырады – «арзан бағамен» тур ұсынғанымен, ешқандай ресми келісімшарт жасамайды;
жалған кеңесші ретінде әрекет етеді – мессенджерлер арқылы жаппай хабарлама жіберіп, ерекше жеңілдіктер мен шұғыл рәсімдеуді уәде етеді.
Мұндай алаяқтарды мынадай белгілерінен тануға болады:
толық алдын ала төлем немесе ірі аванс талап етуі;
төлемді компания шоты емес, жеке тұлғаның картасына аударуды сұрауы;
барлық мәліметтер, сома, тараптардың жауапкершілігі мен форс-мажор жағдайлары көрсетілген ресми келісімшарттың болмауы;
шындыққа сай келмейтін төмен баға.