Тәжікстанда ҰҚШҰ күштерінің бірлескен оқу-жаттығулары аяқталды

0
102

"Мызғымас бауырластық – 2025" бірлескен оқу-жаттығуларына барлығы 1 500 адам қатысты, 200 бірлік әскери және арнайы техника, 6 тікұшақ пен 20-дан астам ұшқышсыз ұшу аппараттары тартылды


Тәжікстанда ҰҚШҰ күштерінің бірлескен оқу-жаттығулары аяқталды

фото: Официальный телеграм-канал ОДКБ/Олег Некало

ERNUR.KZ. Тәжікстанның "Фахрабад" полигонында ҰҚШҰ бітімгерлік күштерінің "Мызғымас бауырластық – 2025" бірлескен оқу-жаттығуларының соңғы кезеңдері аяқталды, деп жазады sputnik.kz.
Бірлескен оқу-жаттығулар кезінде қазақстандық әскерилер шерумен жүріп өтті.
Ал практикалық іс-қимыл кезінде бірлескен күштер бітімгерлік операцияны, атап айтқанда, оқ атуды тоқтату режимін бақылау мен бітім шарттарын сақтауды қамтамасыз ету шараларын өткізіп көрді.
"Бітімгерлер өздеріне жүктелген аймақта мобильді және жаяу патрульді ұйымдастырып, бақылау-өткізу пунктері, блок-бекеттер мен босқындарды қабылдау пунктерін күзетуді атқарды. Сондай-ақ, демилитаризацияланған аймақта және таулы учаскелерде қарулы бандалардың шартты шабуылына тойтарыс беру мен ұшқышсыз аппараттарды жою шараларын өткізіп көрді", - делінген ресми хабарламада.
Ал ҰҚШҰ радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс күштері, сондай-ақ, медициналық қамтамасыз ету құрылымдары биологиялық қауіп-қатердің көзін жою бойынша бірлескен шараларға қатысты. Олар үшін биологиялық қатерлерді жоюға арналған "Бөгет – 2025" арнайы оқу-жаттығуы ұйымдастырылды.
Бұдан бөлек, ҰҚШҰ-ның бірлескен күштері "Достастық–Антитеррор – 2025" оқу-жаттығулары аясында Як-40 ұшағында, әуежайда және әкімшілік ғимаратта терроризмге қарсы шартты операцияны өткізді.
Жалпы, ҰҚШҰ бітімгерлік күштерінің "Мызғымас бауырластық – 2025" бірлескен оқу-жаттығуларына Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстанның әскери контингенттері, сондай-ақ, ҰҚШҰ хатшылығы мен бірлескен штабтың шұғыл топтары, барлығы 1 500 адам қатысты, 200 бірлік әскери және арнайы техника, 6 тікұшақ пен 20-дан астам ұшқышсыз ұшу аппараттары тартылды.