Нигерияда содырлардың қолынан 360 адам босатылды

0
98

Олар "Боко Харам" экстремистік ұйымының бақылауында болған.


Нигерияда содырлардың қолынан 360 адам босатылды

Фото: armiya.az

ERNUR.KZ. Нигерия армиясы елдің солтүстік-шығысындағы лаңкестік топтарға қарсы ауқымды арнайы операция жүргізіп отыр, деп жазады inbusiness.kz.

Әскери биліктің мәліметінше, құтқарылғандардың басым бөлігі – әйелдер мен балалар.

Операция Нигерияның Камерунмен шектесетін таулы аймағында өткен. Барлау қызметі содырлардың Мандара тауларындағы жасырын лагерінде көптеген адамды күштеп ұстап отырғанын анықтаған. Осыдан кейін арнайы жасақтар аталған аумаққа шабуыл жасап, қарулы топтың бекіністерін қоршауға алған. Қысым күшейген соң содырлар шегінуге мәжбүр болып, кепілде отырған жүздеген адам бостандыққа шыққан.

Әскерилердің хабарлауынша, тұтқында болған 2 бала ауыр жағдай мен аштықтың салдарынан көз жұмған. Құтқарылған азаматтардың көпшілігі ұзақ уақыт бойы медициналық көмек пен азық-түлікке мұқтаж күйде болған. Қазіргі уақытта олар арнайы қабылдау орталықтарына жеткізіліп, дәрігерлер мен психологтардың бақылауына алынған.

"Боко Харам" ұйымы Нигерияның солтүстік-шығыс өңірінде 2009 жылдан бері қарулы әрекеттер жүргізіп келеді. Ұйым ауылдарға шабуыл жасап, тұрғындарды ұрлау, әйелдер мен балаларды күштеп әкету сияқты әрекеттерімен танымал. Соңғы жылдары Нигерия әскері халықаралық серіктестердің қолдауымен экстремистік топтарға қарсы операцияларды күшейткен. Соған қарамастан, шалғай аймақтардағы қауіпсіздік мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр.

Ақпаратқа сәйкес, Нигерия билігі лаңкестік топтардың қалдықтарын толық жою және кепілде қалған өзге азаматтарды босату бағытындағы операцияларды жалғастырады.