Мексикада мэр болуға үміткер әйелді тікелей эфирде атып кетті

0
192

Оқиға Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфир арқылы көрсетілді.


Мексикада мэр болуға үміткер әйелді тікелей эфирде атып кетті

Фото: Есения Лара Гутьеррес Facebook парақшасынан

ERNUR.KZ. Мексиканың Веракрус штатында мэр болуға үміткер Есения Лара Гутьерресті дәл бейбіт сайлау науқанындағы шеру кезінде атып кетті. Кандидатпен бірге тағы үш адам оққа ұшты, деп жазады stan.kz.

Оқиға Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфир арқылы көрсетілді. Кадрда Есения Лара Гутьеррес көшеде өз жақтастарымен бірге шерулетіп келе жатқан.

Көңілді халық ұрандатып, қол шапалақтап жатқан сәтте кадр сыртынан оқ дауыстары естіліп, қуаныш әп-сәтте басылып қалды. Лараның Facebook парақшасындағы бұл видео келесі күнге дейін өшірілмей тұрған. Мұнда шамамен 20-ға жуық оқтың дауысы анық естіледі.

Мексика президенті Клаудия Шейнбаум бұл шабуылды дүйсенбі күні таңертеңгі баспасөз мәслихатында растады. Ол шабуылдың себептері туралы әзірге нақты ақпарат жоғын айтып, федералды билік Веракрус штатының басшылығымен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Қажет болған жағдайда, прокуратурамен де байланыс орнатып, федералды қолдау көрсетілетінін алға тартты.

"Қауіпсіздік министрімен және жергілікті билікпен тығыз байланыстамыз. Бұл сайлау кезеңінде Веракрус пен Дурангода барлық қажет қолдау қамтамасыз етіледі", — деді Шейнбаум, 1 маусымда өтетін сайлауларды меңзеп.

Штат прокуроры "Морена" партиясының кандидаты атыс кезінде қаза тапқандардың қатарында болғанын жеткізді. Тағы үш адам жарақат алған. Билік тергеу амалдарын жалғастырып, әділет орнайтынына уәде берді.

"Ешбір лауазым адам өмірінен қымбат емес. Біз “Морена” партиясының кандидаты мен оның жақтастарына Тексицепектегі осы жасалған қастандықтың кінәлілерін табамыз” — деп жазды Веракрус губернаторы Росио Нале X әлеуметтік желісінде.

Мексикада сайлау науқандары кезінде саяси қайраткерлерге қарсы шабуылдар жиі қайталанып тұрады.