Mango негізін қалаушысының ұлы әкесін өлтірді деген күдікпен ұсталды

0
83

45 жастағы Джонатан Андик – Mango директорлар кеңесі төрағасының орынбасары.


Mango негізін қалаушысының ұлы әкесін өлтірді деген күдікпен ұсталды

Фото: kten.com

ERNUR.KZ. Каталония полициясы испаниялық Mango сән империясының негізін қалаушы Исак Андиктің ұлы Джонатан Андикті әкесін өлтірді деген күдікпен ұстады, деп жазады inbusiness.kz.

Күдікті сейсенбі күні таңертең Барселонадағы үйінде қамауға алынып, бірден жауап алу үшін Марторель қаласындағы тергеу сотына жеткізілді.

Испаниядағы ең бай адамдардың бірі саналатын Исак Андик 2024 жылғы 14 желтоқсанда 71 жасында қаза тапты. Белгілі болғандай, ол Монтсеррат тауларында жаяу серуендеп жүрген кезде шамамен 100 метрлік жартастан құлап кеткен. Оқиға кезінде оның ұлы Джонатан Андик жалғыз куәгер болған.

Алғашында өлім жазатайым оқиға ретінде тіркеліп, іс 2025 жылдың басында жабылған. Алайда 2025 жылдың қазан айында ұлының жауаптарындағы сәйкессіздіктер анықталғаннан кейін тергеу қайта басталды. Полиция Джонатанның ұялы телефонын тәркілеп, зерттеген, сондай-ақ басқа да дәлелдерді саралаған.

Соған қарамастан, Джонатан Андик әкесінің өліміне қатысы барын әу бастан жоққа шығарып келеді. Оның айтуынша, бұл – жазатайым жағдай. Андик отбасы да ұлдарының кінәсіз екенін айтып, тергеумен ынтымақтасуға дайын екенін мәлімдеді.