​Мадагаскар уақытша президентін тағайындады

0
108


​Мадагаскар уақытша президентін тағайындады

Фото: Анадолу

ERNUR.KZ. Мадагаскардың Конституциялық соты 51 жастағы полковник Майкл Рандрианиринаны уақытша президент ретінде ант қабылдатты, деп жазады kaz.inform.kz.
Әскери төңкерістен кейін бірнеше күн өткен соң елді басқару тізгіні Рандрианиринаға өтті. Конституциялық сот 17 қазанда оны «республиканы қайта жаңғырту мақсатындағы өтпелі кезең президенті» ретінде бекітті. Бұған дейін 14 қазанда Capsat арнайы әскери жасағы билікті басып алғанын жариялаған еді.

Рандрианирина сайлауды 1,5-2 жылдан кейін өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Ол соттың 60 күн ішінде сайлау ұйымдастыру талабын орындаудан бас тартып, алдымен елде ауқымды реформалар жүргізу қажеттігін атап өтті.

Өз сөзінде Майкл Рандрианирина бұл оқиғаны «тарихи бетбұрыс» деп сипаттап, әлеуметтік және экономикалық қиындықтарға тап болған жастардың талаптарын ескеруге уәде берді. Инаугурация рәсіміне жоғары шенді әскерилер, саясаткерлер, жастар ұйымдарының өкілдері мен Германия, Франция, АҚШ, Қытай және Ресей дипломаттары қатысты.

Бұрынғы президент Андри Радзуэлина наразылықтардан кейін елден кетіп, парламент шешімімен биліктен шеттетілді. БАҚ дерегінше, ол қазір Дубайда. Оның жақтастары Радзуэлина өзін әлі де заңды мемлекет басшысы деп санайтынын айтады. Ол 2009 жылы билікке әскери төңкеріс нәтижесінде келген және 2019 жылдан бері елді басқарған болатын.

Мадагаскар халқының 80 пайызы кедейшілік шегінде өмір сүреді. Африканың оңтүстік-шығыс жағалауындағы бұл арал мемлекет аумағы жағынан Италиядан екі есе үлкен, алайда халқы шамамен 30 миллион адам ғана. Ел ваниль экспорттау бойынша әлемде бірінші орында.

Қыркүйек айының соңынан бастап мыңдаған жастар президенттің отставкасын талап етіп, көшеге шыққан. Кей жерлерде зорлық-зомбылыққа ұласқан бұл наразылықтарға электр мен ауызсудың тапшылығы, білім беру жүйесіндегі дағдарыс, жұмыссыздық пен кедейшілік түрткі болды.