Қытайдағы шахтада газ жарылып, 90-ға жуық адам қаза тапты

0
147


Қытайдағы шахтада газ жарылып, 90-ға жуық адам қаза тапты

Фото: news.cctv.com
ERNUR.KZ. Қытайдың солтүстігіндегі Циньюань уезінде орналасқан Люшэньюй көмір шахтасында кешке газ жарылысы болды. Апат кезінде жер астында 247 кенші болған, деп жазады Stan.kz.

ҚХР Төтенше жағдайларды басқару министрлігінің мәліметінше, апат салдарынан кемінде 90 адам қаза тапқан. Тағы тоғыз адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Жалпы саны 123 адам ауруханаға жеткізілген. Оның ішінде екі адамның жағдайы аса ауыр, тағы екеуінің жағдайы ауыр деп бағаланған. Ал 33 адам емделіп, үйлеріне шығарылған.

Оқиға орнына Шаньси провинциясынан құтқарушылар мен медицина қызметкерлерін қоса алғанда 755 адам жіберілді.

Қазір іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

ҚХР төрағасы Си Цзиньпин жоғалғандарды іздеу, зардап шеккендерге көмек көрсету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға шақырды.

Мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, шахтаға иелік ететін компанияның жауапты тұлғалары Қытай заңнамасына сәйкес бақылауға алынған.