Жерасты дүмпулері 40 км тереңдікте болған.
Фото: t.me/kbgsras
ERNUR.KZ. Камчатканың шығыс жағалауында 7,7 магнитудалы жер сілкінісі тіркелді, деп жазды inform.kz.
Бұл туралы Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы мәлімдеді. Олардың дерегінше, зілзаланың эпицентрі Петропавл-Камчатский қаласынан 125 шақырым солтүстік-шығысқа қарай орналасқан. Жерасты дүмпулері 40 км тереңдікте болған.
Камчатка өлкесінің губернаторы Владимир Солодов жер сілкінісіне байланысты цунами қаупі барын жариялады.
Кейінірек АҚШ Геологиялық қызметі де Камчаткадағы жер сілкінісіне байланысты өз аумағында цунами қаупі туралы ескерту жасады.
Бұған дейін, 13 қыркүйекте, Петропавл-Камчатскийден 123 км қашықтықта тағы бір жер сілкінісі болған. Оның магнитудасы 6,3, тереңдігі 46,8 км болды.
Сонымен қатар, 30 шілдеде Камчатка жағалауында өте күшті жер сілкінісі тіркелген болатын. Бұл соңғы онжылдықтағы ең жойқын зілзала болды — жер сілкінісінің магнитудасы 8,8-ге жетті. Бұл жағдайға байланысты Камчаткада жоғары дайындық режимі енгізілді. Сол дүмпулер Солтүстік Курильск тұрғындарына да сезілген.
Бұл жер сілкінісі Тынық мұхитында цунамидің пайда болуына себеп болды. Сол кезде Жапония, АҚШ және Филиппин билігі де цунами қаупі туралы ескерту жасаған еді.