Бұған Болонья қаласындағы марокколық мигрант Абдеррахим Факирдің полиция ұстау кезінде қаза тапқаны себеп болған.
Фото: Reuters
ERNUR.KZ. BBC-дің жазуынша, тәртіпсіздіктер кезінде ондаған полиция қызметкері жарақат алып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.
42 жастағы Абдеррахим Факир жексенбі күні таңда жан тапсырған. Италия баспасөзі оның отбасы елге 30 жыл бұрын қоныс аударғанын мәлім етті.
Оқиға алдында Факирдің көршісі полицияға хабарласып, оның өзін агрессивті ұстап, гаражды не автокөлікті тепкілегенін айтқан.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадан 2 полицияның жерде жатқан Факирге кісен салуға әрекет еткені, ал оның көмек сұрағаны байқалады. Бірнеше минуттан соң полицейлердің бірі оның қозғалыссыз жатқанын байқайды және оның есін тексерген.
Болонья қаласының мэрі Маттео Лепоре тұрғындарды марқұмды еске алуға арналған бейбіт митингіге шақырды. Іс-шараға Факирдің жиені Йоссра Факир де қатысқан.
– Ол менің ағам еді. Ол жай ғана статистика немесе жаңалықтағы бір жан емес. Оны жақсы көретін адамдар болды. Ол тыңдалуға, көмек алуға және адамдық қадір-қасиетінің құрметтелуіне лайық еді, – деді Йоссра Факир.
Шеруге бірнеше мың адам жиналды. Бастапқыда акция бейбіт өтсе де, кейін шамамен жүзге жуық адам полициямен қақтығысқа шықты. Олар
тәртіп сақшыларына бөтелке, пиротехникалық заттар мен орындықтар лақтырып, 2 автокөлікті өртеп жіберген.
Полиция кәсіподағы тәртіпсіздіктер уақытында 56 полиция қызметкері зардап шеккенін, кейін прокуратура жараланғандардың саны 64 адамға жеткенін хабарлады.
Болонья мэрі зорлық-зомбылыққа зорлықпен жауап қатуға болмайтынын ескертті.
Италия прокуратурасы абайсызда адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Бүгінде полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем мамандарының әрекеттерінің заңдылығы тексеріліп жатыр. Оқиғадан соң полицейлердің барлығы қызметтік бейнекамераларын тергеушілерге тапсырған.
Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Абдеррахим Факирдің өлімі жан-жақты әрі бейтарап тергелетінін нақтылап, тәртіпсіздік ұйымдастырғандарды да қатаң айыптады.
– Бұл оқиғаны қаланы қиратуға, полицияға шабуыл жасауға және зорлық-зомбылықты өршітуге себеп ретінде пайдаланғандар шындықты іздеген жоқ. Олар тек қақтығысты көздеді, – деді Джорджа Мелони.


