Иран Ормуз бұғазын ашу үшін қатаң талаптар қойды

0
122

Иранның Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесі АҚШ "өз әрекетін түземейінше" бұғаз жабық күйінде қалатынын мәлімдеді.


Иран Ормуз бұғазын ашу үшін қатаң талаптар қойды

ERNUR.KZ. Иран Ормуз бұғазының жұмысын қайта бастау үшін қатаң талаптар қойды. Тегеран АҚШ Иранға қатысты саясатын өзгертпейінше, стратегиялық маңызы зор су жолын ашпайтынын мәлімдеді, деп жазады Zakon.kz.


Иранның Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесі АҚШ "өз әрекетін түземейінше" бұғаз жабық күйінде қалатынын мәлімдеді. Кеңес хатшысы, сондай-ақ Ислам революциясы Сақшылар корпусының қолбасшысы Мұхаммед Багер Золгадр Иранға және оның аймақтағы қарулы одақтастарына жасалған қоқан-лоққы мен соғысты тоқтатуды талап етті, деп жазады 8 тамыздағы The Guardian.

Тегеран сондай-ақ АҚШ-тан Иран порттарына қойылған теңіз блокадасын алып тастауды, әскерін аймақтан шығаруды, соғыстан келген шығынды өтеуді, санкцияларды жоюды және Иранның бұғатталған активтерін "ешқандай шартсыз" босатуды талап етіп отыр.

Вашингтон бұл талаптарға әзірге түсініктеме берген жоқ. Маусым айында жасалған уақытша келісімге сәйкес, түпкілікті құжатта санкцияларды алып тастау кестесі мен шығынды өтеу тетігі қарастырылуы тиіс. Сондай-ақ тараптар Иранның бұғатталған активтерінің тағдырын талқылауы керек.

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи тараптардың кеме қатынасына қатысты мәселелер, соның ішінде транзиттік бағытты анықтау бойынша келісімге жақындағанын мәлімдеді. Алайда оның айтуынша, бұғазды ашу басқа талаптардың орындалуына байланысты. Арагчи АҚШ-ты уақытша келісімді бұзды деп айыптады.

Келіссөздерге делдалдық жасап отырған Оман талқылаулардың "оң және сындарлы жағдайда" жалғасып жатқанын хабарлап, кемелерге жасалған шабуылдарды айыптады.

Иран іс жүзінде бұғаз арқылы өтетін кемелердің қозғалысын шектеп, олардан ақы алуға ұмтылып отыр. АҚШ Тегеранның кез келген алым жинауына қарсы. Сонымен қатар маусымдағы келісім Иран мен Оманға бұғазды "болашақта басқару" тәртібін келісуге мүмкіндік береді.

Түпкілікті келісім жасауға берілген 60 күндік мерзімнің аяқталуына бір аптадан сәл астам уақыт қалды. Дегенмен бұл мерзім ұзартылуы мүмкін. Иран сондай-ақ бұғазды басқару мәселесі бойынша Оманмен жеке келісімге жақын қалғанын мәлімдеді.

Иран президенті Масуд Пезешкиан қазіргі сәт келісімге қол жеткізуге қолайлы екенін айтты. Оның сөзінше, ел ішінде "ынтымақ, күш пен бірлік" сақталып отыр және Иран соғыстан жеңімпаз болып шыққан.

Бұғаздағы жалғасып жатқан шабуылдар сәуірдегі бітімнің бұзылуына әкелді. Осыдан кейін делдалдар тараптарды маусымдағы меморандум шарттарына қайта оралуға шақырды.

Ормуз бұғазы әлемдік мұнай мен табиғи газ жеткізілімі үшін аса маңызды. Соғысқа дейін ол халықаралық су жолы саналған. Алайда қазір бұғаз арқылы өтетін кемелер саны айтарлықтай азайған.