France 24 телеарнасының хабарлауынша, шектеу қажет болған жағдайда жекелеген аумақтарда ғана қолданылады.
Фото: france24.com
ERNUR.KZ. Франция премьер-министрі Себастьян Лекорню жалғасып жатқан тәртіпсіздіктерге байланысты кейбір қалалардың орталық бөліктерінде коменданттық сағат енгізуді тапсырды, деп жазады inbusiness.kz.
"Тәртіпті қалпына келтіруге бекініп отырмын. Қазіргі жағдайда коменданттық сағат мәселесі және оны енгізу неғұрлым дұрыс болады", – деп келтірді премьер-министрің сөзін France 24.
Францияда төтенше жағдайды енгізу билікке қоғамдық тәртіпке немесе ұлттық қауіпсіздікке төнген қатерді жою үшін әдеттегі полиция функцияларынан тыс уақытша өкілеттіктер береді. Бұл шараларға коменданттық сағат, жүріп-тұруға шектеулер және көпшілік шерулерге тыйым салу кіруі мүмкін.
Францияның сауда және шағын бизнес министрі Серж Папеннің мәліметінше, тәртіпсіздіктер салдарынан кемінде 3 мың кәсіпкерлік нысан зардап шеккен. Оларға арнайы қолдау қоры арқылы көмек көрсету жоспарланған. Ал, елдің солтүстігіндегі Лилль қаласында коменданттық сағат енгізіліп қойған.
"Француздар теледидар көріп отырып, барлық жерде хаос орнады деп ойлауы мүмкін. Бақытымызға қарай, бұлай емес. Тәртіпсіздіктер негізінен қала орталықтарында шоғырланған", – деді Себастьян Лекорню.
Өткен демалыс күндері өткен наразылықтар кезінде тонау мен ұрлыққа күдікті 350-ге жуық адам ұсталған. Президент Эммануэль Макрон тонауға қатысқандар келтірілген шығынды өтеуге тиіс екенін мәлімдеді.


