Павлодарда мектептегі таблеткаларға қатысты оқиғадан кейін педагогтердің іс-әрекеті тексерілді

0
96

Мектептердің бірінде оқушылардың сынып ішінен өткір иісі бар белгісіз таблеткалар тауып алғаны туралы ақпарат 15 қазанда тарады.


Павлодарда мектептегі таблеткаларға қатысты оқиғадан кейін педагогтердің іс-әрекеті тексерілді

Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

ERNUR.KZ. Павлодарда мектептердің бірінде балалар сынып ішінде белгісіз таблеткалардан иіс тиіп уланғаннан кейін, бірден үш педагог жұмыстан кетуге арыз берді. Мектеп әкімшілігі мен ата-аналардың өтінішінен кейін екі мұғалім жұмыста қалуға шешім қабылдады, деп жазады tengrinews.kz.

Мектепте не болды?

Мектептердің бірінде оқушылардың сынып ішінен өткір иісі бар белгісіз таблеткалар тауып алғаны туралы ақпарат 15 қазанда тарады. Павлодар қалалық білім бөлімі төрт баланың өзін жайсыз сезінгенін хабарлады. Мектеп медбикесі оқушылардың жағдайын қанағаттанарлық деп бағалағанымен, сол күні кешке 11-12 жастағы үш бала ауруханаға жүгінген.

Балаларға белгісіз заттан улану диагнозы қойылып, амбулаторлық емделуге жіберілді. Кейінірек мектеп әкімшілігі оқушылардың дихлор таблеткаларын тапқанын, оның біреуі езіліп қалғанын хабарлады. Олардың сыныпқа қалай келгені әзірге белгісіз.

Педагогтер нені бұзды?

Оқиға туралы жаңалық БАҚ пен әлеуметтік желілерде тарағанның ертесіне оқу орнына Павлодар облысының балалар омбудсмені келіп, ата-аналар жиналысы өтті.

"Іс-қимыл алгоритмі бұзылған. Оқиға болған сабақ мұғалімі - математика мұғалімі тиісті шара қолданбаған. Бұл мұғалім қазір жұмыстан кетуге арыз жазды. Сондай-ақ сынып жетекшісі, математика мұғалімі және әлеуметтік педагог те жұмыстан кету туралы өтініш берді. СЭС тарапынан медицина қызметкері мен мектепке айыппұл салынды. Балалардың жағдайы нашарлап, медпункке барғанда медбике басқа баламен айналысып жатып, олардың сырқатын байқамай қалған. Журналға тіркемеген. Балалардың басы айналып, мазасызданған, бірақ келесі күні олардың бәрі мектепке келді", - деді облыстың бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Мәдина Жұмадиева.

Педагогтерге қысым жасалмаған

Кейінірек ол үш мұғалімнің екеуі мектеп ұжымы мен ата-аналардың өтінішінен кейін қалуға шешім қабылдағанын айтты. Бұл ақпаратты Павлодардағы мектептің директоры Орынгүл Бекжанова да растады.

"Жұмыстан шығу туралы арыздар түсті, бірақ мұғалімдер қалып, жұмыс істеп жатыр. Негізі бұл мәселені неге сонша шулатты? Бәрі шешілді. Тек әлеуметтік педагог конкурс бойынша басқа жұмысқа ауысуына байланысты өз еркімен кетті", - деп жауап берді оқиға болған оқу орнының директоры Tengrinews.kz тілшісіне.

Неге бірден үш педагог белгісіз таблеткалармен байланысты жанжалдан кейін бірден жұмыстан кетуге өтініш бергені және олардың қандай заңбұзушылықтарға жол бергені туралы мектепте нақты айтылмады.

"Мүмкін қоғамның қысымы, бүкіл елге тараған резонанс, жағымсыз пікірлер әсер еткен болар. Ақпараттың бұрмалануы да бар. Балаларда улану емес, таблеткалардың өткір иісіне реакция болған. Мектептің техникалық қызметкерлері үй-жайларды тазалау кезінде мұндай таблеткаларды қолданбайды, бірақ олар тұрмыстық қажеттіліктер үшін дүкендерде еркін сатылады. Сыныптарда бейнекамералар жоқ, олардың сыныпқа қалай түскені әзірге анықталған жоқ", - деді мектеп директоры.

Білім басқармасы ведомство тарапынан педагогтарға ешқандай психологиялық қысым көрсетілмегенін мәлімдеді.

Еске сала кетейік, өткен аптада Павлодарда төрт оқушы оқу кабинеттерінің бірінен өткір иісі бар таблеткалар тапқаннан кейін өздерін жайсыз сезінген болатын. Үш балаға медициналық көмек қажет болды.

Мектеп әкімшілігі ішкі тексеру жүргізіп, жауапты қызметкерлерге тәртіптік шара қолданды. Сонымен қатар білім бөлімі нақты кімнің және қандай бұзушылықтар үшін жазаланғанын нақтыламады.

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2014 және 2015 жылы туған балалар улану белгілерімен ауруханаға жүгінген. Кезекші педиатр тексергеннен кейін олар амбулаторлық бақылауға жіберілді. Алдын ала мәлімет бойынша, улану белгісіз заттың иісін жұтудан болуы мүмкін.