«Өзбектер!»: «Ақтөбе» футбол клубы дауға қалған жанкүйер қыздардың айыппұлын төлейді

0
96

​Жанкүйерлердің әрекеті қоғамды екіге бөлді. Клубтың шешімі де қызу талқыға түсті. Алты қызға қатысты оқиғаның жалғасы қандай болды?


«Өзбектер!»: «Ақтөбе» футбол клубы дауға қалған жанкүйер қыздардың айыппұлын төлейді

ERNUR.KZ. «Ақтөбе» футбол клубы матч кезінде төзімсіздік танытуға байланысты дауға қалған алты жанкүйер қыздың айыппұлын өз мойнына алатынын мәлімдеді. Клубтың бұл шешімі әлеуметтік желі қолданушылары арасында пікірталас тудырды, деп жазады baq.kz.

«Ақтөбе» футбол клубы Instagram парақшасында соңғы матчта жанкүйерлердің әрекетіне қатысты екі мәлімдеме жариялады. Алғашқы жазбада клуб футболдағы өзара құрмет пен ұлтаралық татулықты қолдайтынын атап өтсе, араға бір сағат салып, дауға қалған алты жанкүйер қыздың айыппұлын төлейтінін хабарлады.

Даудың туындауына сенбі күні өткен «Ақтөбе» мен шымкенттік «Ордабасы» командалары арасындағы матчтан кейінгі оқиғалар себеп болған. Өз командасының жеңілісінен кейін кейбір жанкүйерлер төрешіге тіл тигізіп, қонақ командаға қарата «Өзбектер!» деп айқайлаған.

Бұдан бөлек, трибунада отырған мектеп оқушыларының қолынан арандатушылық сипаттағы «NO SHYMSIDE, NO TEXAS FANS!» деген жазуы бар плакат байқалған. Оның жанында Өзбекстан туына ұқсас сурет те болған.

Осы оқиғаға байланысты полиция мектеп оқушыларының ата-аналарына айыппұл салып, қыздармен түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

Клуб алғашқы мәлімдемесінде не деді?

«Ақтөбе» футбол клубы алғашқы жазбасында футболдың бірлік пен өзара құрмет алаңы екенін еске салды.

Біз – «Ақтөбе» футбол клубы қашан да футбол әлеміне үлкен құрметпен қарайтын, жанкүйерлері мен футболшылары әр ұлт пен нәсілге құрмет көрсете білетін, ауызбіршілігі мол ұжымбыз. Біздің команда – ұлтаралық достықтың айқын дәлелі. Жекелей алған жандардың өз көзқарасы – клубтың позициясы болып есептелмейді. Футбол – алауыздықтың емес, бірліктің алаңы. Әрбір жанкүйерді клубтың абыройын сақтап, өзара сыйластық пен спорттық әдепті ұстануға шақырамыз, - делінген мәлімдемеде.

Алайда клубтың екінші жазбасы жаңа пікірталасқа себеп болды.

Араға бір сағат салып, клуб алты жанкүйер қыздың айыппұлын толық төлеп беретінін жариялады.

Аруларымызды жалғыз қалдырмаймыз. «Ақтөбе» футбол клубы үшін әр жанкүйердің орны бөлек. Айыппұл алған алты аруымыздың да шығынын «Ақтөбе» футбол клубы толықтай өтеп береді. Қаракөздеріміз қателескен тұсын толықтай түсінді. Алдағы уақытта да командаға қолдау білдіріп, келесі жолы бәрі «ережеге сай» болады деп уәде берді. Жанкүйерлер – біздің мақтанышымыз! - деп жазды клуб.

Клубтың шешімі қоғамды екіге бөлді

Жарияланымдардан кейін әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бірі клубтың жас жанкүйерлерін қолдап, оларды қиын жағдайда жалғыз қалдырмау жөніндегі шешімін құптаса, енді бірі айыппұлды клубтың төлеп беруі қыздардың өз әрекеті үшін жауапкершілігін сезінуіне кедергі келтіруі мүмкін екенін алға тартты.

Пікірталастың негізгі түйіні – клубтың ұстанымындағы қайшылық. Бір жағынан, «Ақтөбе» футбол алаңы бірлік пен татулықтың символы болуы керек екенін айтып, жанкүйерлерді клубтың абыройын сақтауға шақырды. Екінші жағынан, дәл осы құндылықтарға қайшы әрекетке байланысты салынған айыппұлды өзі төлеуге ниетті екенін мәлімдеді.

Осылайша, клубтың шешімі жанкүйерлерге қолдау көрсету мен олардың әрекеті үшін жеке жауапкершілігін сақтау арасындағы тепе-теңдік мәселесін қайта көтерді.