2022 жылғы 1 наурызда Қытайдың оңтүстігінде соңғы онжылдықтағы ең ауыр әуе апаттарының бірі болды.
Фото: unsplash
ТАСС мәліметінше, тіркелген оқиғалар ұшу экипажы мүшелері арасындағы жанжалдардың бір реттік құбылыс емес екенін көрсетеді. Олардың кейбірі тіпті қайғылы жағдайға әкелген.
2022 жылғы 1 наурызда Қытайдың оңтүстігінде соңғы онжылдықтағы ең ауыр әуе апаттарының бірі болды. China Eastern Airlines әуе компаниясының Boeing 737-800 ұшағы жерге құлап, борттағы 132 адам қаза тапты. Олардың 123-і жолаушы, тоғызы экипаж мүшесі еді. Тіркелген басқару штурвалдарының алға-артқа қозғалысы ұшқыштар кабинасында тартыс болғанын көрсеткен. Бұл апат Қытайдың азаматтық авиациясы тарихындағы соңғы 28 жылдағы ең ірі әуе апаты болды.
2018 жылғы 1 қаңтарда Лондоннан Мумбайға ұшып бара жатқан үндістандық Jet Airways әуе компаниясы ұшағының кабинасында төбелес болды: әуе кемесінің командирі екінші ұшқыш болған әйелді ұрған. Жанжалға қарамастан, ұшу сәтті аяқталды. Кейін Jet Airways қаржылық қиындықтарға байланысты 2019 жылы қызметін тоқтатты.
2018 жылғы 25 шілдеде Иранның Мешхед қаласынан Бағдатқа бағыт алған Iraqi Airways әуе компаниясының Boeing 737 ұшағында экипаж командирі екінші ұшқышты ұрған. Жанжалға тұрмыстық жағдай себеп болған: командирдің көмекшісі тамаққа тапсырыс беру үшін рұқсатсыз бортсерікті шақырған.
2022 жылғы маусымда Женевадан Парижге ұшып бара жатқан Air France әуе компаниясының Airbus A320 ұшағында командир мен екінші ұшқыш арасында төбелес шыққан. Оларды бортсеріктер ажыратқан. Ұшақ межелі жеріне аман-есен жетті. 1933 жылы құрылған, әлемдегі ең байырғы әуе тасымалдаушылардың бірі саналатын Air France бұған дейін мұндай жанжалдарға өте сирек іліккен.
2025 жылдың басында Лос-Анджелес әуежайында Тайваньның Eva Air әуе компаниясына тиесілі Boeing 777-300ER ұшағының командирі мен ұшқышы әуе кемесінің рульдеу жолындағы рұқсат етілген қозғалыс жылдамдығына қатысты дауласып, төбелескен. Бортта жүздеген жолаушы болғанымен, ұшақ межелі жеріне ұшып кеткен.
Авиация сарапшыларының пікірінше, мұндай оқиғалар жүйелі мәселелердің бар екенін көрсетеді. Олардың қатарында экипаждардың шамадан тыс шаршауы, психологиялық бақылаудың жеткіліксіздігі және әуе тасымалы қарқынының артуына байланысты ұшқыштарға түсетін қысымның күшеюі бар.


