Жауапкер бұл соманы талап арыз берілген күннен бастап және шуды жою үшін барлық техникалық және экономикалық негізделген шараларды қабылдағанға дейін төлеуге тиіс.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Испания соты ер адамды көршілеріне оның иттерінің тұрақты үргені үшін ай сайын 180 еуро (106 мың теңге) өтемақы төлеуге міндеттеді, деп жазады Stan.kz.
Талапкерлер – шамамен 100 метр қашықтықта тұратын ерлі-зайыптылар. Олардың айтуынша, иттердің үруі рұқсат етілмеген шу деңгейіне жетіп, тыныштықтарын бұзған. Бастапқыда олар моральдық және денсаулыққа келтірілген зиян үшін 500 еуро талап еткен, алайда сот әрқайсысына 90 еуродан 180 еуро (106 мың теңге) мөлшерінде өтемақы тағайындады.
Жауапкер бұл соманы талап арыз берілген күннен бастап және шуды жою үшін барлық техникалық және экономикалық негізделген шараларды қабылдағанға дейін төлеуге тиіс. Сондай-ақ сот шығындарын өтеу міндетін алып тастап, оны екі тарапқа тең бөлді.
Осындай істер Испанияның басқа өңірлерінде де қаралып жатыр. Мәселен, Севильяда шуылы көп иттің иесі моральдық зиян үшін 3,5 мың еуро төлеуге міндеттелсе, Валенсия автономиялық қауымдастығында Антелла қалалық кеңесі көршісінің итінің үруі денсаулығына әсер еткен азаматқа 3 мың еуро өтемақы төлеген.
Бұл істерде де шу деңгейі заңмен белгіленген шектен асып кеткені анықталған.
Айта кетсек, Қазақстанда иттің үруіне арнайы бап жоқ, бірақ заң бойынша тыныштықты қамтамасыз етуге болады. Үй жануарларынан шығатын шу да "тыныштықты бұзу" болып есептеледі. Заң бойынша шулауға тыйым салынады:
– жұмыс күндері – 22:00-ден 09:00-ге дейін,
– демалыс және мереке күндері – 23:00-ден 10:00-ге дейін.
Егер осы уақытта ит үнемі үретін болса – бұл заңбұзушылық саналады.
Бірінші рет иесі 5 АЕК (2025 жылы – 19 660 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Бір жыл ішінде қайталанса – 10 АЕК (39 320 теңге).
Тіпті ит күндіз үресе де, бұл қоғамдық тәртіпке қатысты мәселе ретінде полицияға шағымдануға болады. Ең бастысы – шудың тұрақты екенін дәлелдейтін айғақ болу керек.