КІМ сен үшін ОТҚА да, СУҒА да түседі?

0
1 333

Сен үшін бәріне дайын жанды білесің бе?


КІМ сен үшін ОТҚА да, СУҒА да түседі?

Кез келген уақытта жаныңнан табылатын, сен үшін бәріне дайын, сырыңды сыртқа шығармайтын досыңның болуы – бір бақыт. Өкінішке орай, мұндай бақыт әркімге бұйыра бермейді. Сіз ше, нағыз досыңыз бар ма? Жоқ болса, неге деп ойлайсыз?

Бәлкім, өзіңіз ешкімге ондай дос бола алмай жүрген шығарсыз? Немесе сіз досым деп жүргендер нағыз достықтың қандай болатынын білмейтін болуы да мүмкін.

Астролог кімдердің достыққа адал, жанын беруге дайын жолдас бола алатынын айтып берді.


ТОҚТЫ

Нағыз қолдаушы, қорғаушы дос бола алады. Мұндай доспен кез келген қиындықты қасқайып қарсы алып, жауыңмен жасқанбай шайқаса аласың. Қолында бармен бөлісуге, керек кезде қол ұшын созуға әрдайым әзір. Сұрақтарыңа өте ақылды әрі орынды жауаптар тауып береді.

Бірақ, Тоқтының мұндай жақын досы болу үшін бір шартты орындау керексің. Оған барлық нәрседе бірінші болуға жол бер. Әйтпесе, достық көпірін бәсекелестік бұзады.

Арыстан, Мерген, Суқұйғыш белгісінде туғандармен жақсы дос болады. Ал Бикеш және Балықтармен жұлдызы жараспайды.


ТОРПАҚ

Кез келгенмен дос бола бермейді. Жолдас таңдауда өте кірпияз, талаптары жоғары. Осы талаптарына сай келіп, барлық сынынан өткендермен өте жақсы достық құрады. Кешігетін, жауапкершілігі аздарды суқаны сүймейді. Өзі де дос-жаранының уақытын бағалайды, арақатынасына бейжай қарамайды, достық-жолдастық рөлін, міндеттерін жауапкершілікпен алып жүреді.

Ең жақсы досты Тауешкі, Бикеш, таразы белгілерінен табады. Егіздер, Арыстан және Суқұйғышпен тіл табыса алмайды.


ЕГІЗДЕР

Егіздерді ең сенімді, жаныма жақын жалғыз досым деп қарастырсаң, қателескенің. Олар бір адамға байланып қалмайды. Тез тіл табысады, кез келгенмен әңгімесі жараса кетеді. Соған қарап көбісі онымен бір толқындамыз деп ойлап, үлкен достық күтіп қалуы мүмкін. Ал Егіздер басқа да көптеген адамдармен тура солай араласып жүреді. Алайда ешбірін «нағыз досым» деп ерекшелемейді, ешқайсының алдында достық жауапкершіліктер алмайды. Келіспеушілік туа қалса, досым деп жүргендердің кез келгенімен қоштаса салу оларға түк емес.

Сөйтсе де, басқалармен салыстырғанда Таразы, Мерген, Тоқты, Арыстан және Суқұйғышпен достықтары берігірек.


ШАЯН

Шаяндар ту сыртынан пышақ сұғудан, достың сатқындығынан үнемі сақтанып жүреді. Сол себептен дос таңдауда өте сақ. Тек ұзақ уақыт бақылап, толық тексеруінен өткен, жүз пайыз сенімді деп санағандарға ғана достық құшағын ашады. Егер ол сен болсаң, құттықтаймыз, өмірлік дос таптың! Себебі Шаян ендігі жерде сен үшін отқа да, суға да түсетін шын жанашырға айналады. Одан кез келген уақытта көмек сұрауға, мұңыңды шағып, сырыңды ақтаруға, құпияларыңды сеніп тапсыруға әбден болады.

Балықтар, Сарышаян және Тауешкімен тіл табысып, жақсы достық орната алады.


АРЫСТАН

Бұл белгіде туған жандармен дос болғың келсе, оның шарттарына көнуің керек. Және өзіңді жалғыз жақын досымын деп санама. Арыстанның тура сен сияқты тағы он-жиырма жора-жолдасы болатынын біл. Оның мінезін көтеру де оңай емес. Тек өзін бірнеше саты төмен ұстап, Арыстанды көтермелеп жүретіндер, тақ пен атаққа таласпайтындар ғана жанында қала алады. Осындай бола аламын десең, онымен достықты жалғастыра бер. Бірақ үлкен достық, шын жанашырлық күтпе.

Арыстанмен жақсы дос бола алатындар – Тоқты, Мерген және Суқұйғыш. Ал Торпақ, Шаян, Балықтармен бастары сыйыспайды.


БИКЕШ

Егер Бикеш біреуді «досым» деп таңдаса, бұл өмірлік достыққа созылады. «Жақын досым» деп бағаласа, оның да ең жақын жанашырына айналады. Өйткені, олар дос-жолдастарын ауыстыра бергенді ұнатпайды, тұрақтылықты жақсы көреді.

Ал біреуді нағыз досым деп жақын тартуы үшін ол адам сенім артуға тұрарлық және көзқарастары ортақ болуға тиіс.

Нағыз досы кім бола алады десеңіз, олар – Сарышаян, Тауешкі, Торпақ, Бикеш және Шаян белгісінде туғандар.


ТАРАЗЫ

Тартымды және көпшіл Таразылар кез келген адаммен тіл табысып, сөзін жарастыра алады. Жалғыздықты ұнатпайтындықтан, өзін дос-жолдастармен қоршауға тырысады. Сондықтан араласатын ортасы көп. Жора-жолдастарын ренжітіп алмау, ажырап қалмау үшін достық пейілін көрсетуде барын салады.

Бірақ солардың ішінде ең жақын досына айнала алатындар – Егіздер, Суқұйғыш және Тоқты.


САРЫШАЯН

Адам тани біледі. Бір көргеннен-ақ құдды ретген секілді, ішіңді оқып қояды. Ал өзінің біреумен дос болу-болмауын шешуде ұзақ ойланып, жан-жақты салмақтайды. Себебі, оларға біреумен дос болу үшін сөзі жарасу, көңілі жарасу жеткіліксіз. «Қажет-қажет емес», «Пайдалы-пайдасыз», «Қызық-қызықсыз» деген сияқты бірнеше сатылы талдау-сараптау жасап барып, бұл адамға достық ниетін арнау-арнамау жайлы шешім шығарады.

Көп жағдайда таңдауы Шаян, Балықтар және Торпаққа түседі.


МЕРГЕН

Мергендер үшін достық – өзгенің өміріне қызықты саяхат секілді. Досының өміріндегі жағдайларды, ішкі әлеміндегі толғаныстарын, ой-пікірін, не айтқысы келсе, соның бәрін асқан қызығушылықпен тыңдайды. Ақыл-кеңесін аямайды. Өз бойындағы оптимизммен бөлісіп, мотивация бере алады. Мәселе шешу қажет болса, білек сыбанып кірісіп кетеді. Тыңдай білетін, ақыл қоса алатын және қажет кезде сенің проблемаңды өзінікіндей көріп, жанын беріп күресетін мұндай дос бәріне арман.

Мерген үшін ең жақсы дос бола алатындар – Арыстан, Торпақ, Егіздер.


ТАУЕШКІ

Таешкінің тар достық шеңберіне кіру үшін қатаң іріктеуден өте алу керек. Олар эмоциясын білдірмейтін, сыртқа сыр алдырмайтын жандар. Сондықтан өзіңнің оған ұнап-ұнамағаныңды білу де оңай емес. Белгі иелері аса көпшіл емес, шулы ортаны, ойын-сауық, жиын-тойларды аса жарата бермейді. Өзін барынша оқшау ұстауға тырысады. Тек сыннан өтіп іріктелген санаулы адамға ғана достық құшағын жаяды. Есесіне, бір рет дос болған адаммен жолдастық жолы ұзағынан болады. Қанша келіспеушілік, түсініпеушілік орын алса да, ат құйрығын кесісіп кетпейді, кешірімге, келісімге келудің жолын табады.

Бикеш, Торпақ және Шаянмен достықтары шын жанашырлыққа ұласады. Егіздер, Арыстан, Мерген және Суқұйғышпен сөздері жараспайды.


СУҚҰЙҒЫШ

Суқұйғыштар – шығармашылық адамдары. Олар үшін соңғы трендтер, танымал көпшілік орындар, кафе-мейрамхана емес қызығы. Көңіл көтеру, демалудың тау-тас аралау, ешкім аяқ баспаған жерлерді көру, квест ойындары, атқа міну сияқты ерекше түрлерін таңдайды. Өзі секілді осындай көзқарастағы, барлық идеяларын қолдайтын ойы ортақ, пікірі үндес жандармен араласса, нағыз достықтың үлгісін көрсетеді.

Суқұйғыштардың жан серігі – Егіздер мен Таразылар. Олардың арасында ерекше байланыс бар, бір-біріне шабыт көзі болады.


БАЛЫҚТАР

Олар – эмоцияның адамы. Бәрін жүрекке жақын қабылдайды, әсершіл, өзгенің жанын жақсы түсінеді, ішкі күйін сезіне алатын эмпат. Сондықтан, Балықтар досыңыз болса, оның сізді әрдайым түсінетініне, жанашыр болатынына, қолдау білдіретініне күмән жоқ. Ал эмоцияға сараң адаммен сөзі жараспайды.

Балықтармен Сарышаян, Шаян, Таразы, Бикеш белгісінде туғандар жақсы дос бола алады.


Адам өзі қандай болса, дәл сондай жанына жақын жанды іздейді. Нағыз дос іздесеңіз, өзіңізді-өзіңіз кемелдендіруге тырысып, ұдайы рухани өсу үстінде болып, өзгенің сізге емес, сіздің өзгеге қандай дос бола алатыныңызды көбірек ойлау керек.

Аударған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ЖҰЛДЫЗНАМА БОЙЫНША: Оған ұнайтын хош иіс