Алматыда қолданылған суды қайта пайдаланбаған көлік жуу орындары жабылып жатыр

0
175

Алматыда 500-ден астам көлік жуу бекеті жаңа талапқа сай жұмысын қайта қарауға мәжбүр.


Алматыда қолданылған суды қайта пайдаланбаған көлік жуу орындары жабылып жатыр

Фото: freepik.com

ERNUR.KZ. Алматыда су үнемдеу талабын орындамаған көлік жуу орындарының жұмысы тоқтатылды. Қолданылған суды қайта пайдаланатын құрылғы орнатпаған кәсіпкерлерге "Алматы Су" мекемесі ауыз суды беруді тоқтатып, қалада 40-қа жуық нысан уақытша жабылып қалды, деп жазады stan.kz.

Алматыда 500-ден астам көлік жуу бекеті жаңа талапқа сай жұмысын қайта қарауға мәжбүр. Су кодексі күшейгеннен кейін ауыз суды пайдаланатын кәсіпкерлерге кір суды тазалап, қайта қолдануға мүмкіндік беретін арнайы құрылғы орнату міндеттелді.

Ережеге бағынбағандарға қатаң шара қолданылып, бірқатар нысандардың суы уақытша тоқтатылған. Көлік жуу орындарының қызметкерлері жаңа талаптың шығыны аз емес екенін айтып отыр. Десе де кәсібінен айырылмау үшін олар су тазарту жүйесін жаппай орната бастаған.

Көлік жуу орнының қызметкері Думан Айнабековтің айтуынша, олар үш күн бұрын көлік жуу орны судан ажыратылған. Кейін “Алматы Су” мекемесінің талабына сәйкес, суды қайта өңдейтін арнайы сорғы қондырғысын қойған.

"Оны орнатуға 1 миллион 100 мың теңге кетті. Су шынымен 50-60%-ға дейін үнемделеді. Бірақ қосымша иіс шығарғыш, хлорка секілді шығындары бар. Материалынан бөлек, электр қуаты да кетеді. Коммуналдық төлемге қосылып жатыр", – деді Думан Айнабеков.

Жаңа құрылғы арқылы қолданылған су бірнеше сүзгіден өтеді. Алдымен кір су қазандыққа құйылып, құм-тас секілді ауыр қалдықтардан тазартылады. Кейін екінші ыдыста сүзгіден өтіп, үшінші кезеңде арнайы бөшкеге жиналады.

Осыдан соң суға химиялық қоспа қосылып, қайтадан пайдалануға жіберіледі. Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл қоспаның көлікке зияны жоқ. Дегенмен қызмет бағасының өсуі мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

“Алматы Су” мекемесінің мәліметінше, 500-ден астам кәсіпкерге ескерту беріліп, талапты орындауға уақыт қарастырылған. Алайда бүгінде құрылғы орнатып үлгермеген 40-қа жуық көлік жуу бекеті әлі де сусыз отыр.

"Соңғы рет тамыз айында ескерту берілді. Бірақ еш әсер етпеген бекеттерге желтоқсанда да соңғы ескерту жасалды. Содан кейін амал болмағандықтан, 15 қаңтардан бастап уақытша суды тоқтату жұмыстары басталды", – деді “Алматы Су” МКК тұтынушыларға қызмет көрсету басқармасының басшысы Олжас Жұмағұлов.

Негізінде ауыз суды пайдаланатын көлік жуушыларға су тазарту құрылғысын орнату талабы 2015 жылдан бері қолданыста болған. Бірақ ұзақ уақыт бойы бұл тәртіп еленбей келді. Ал былтыр Су кодексі жаңарып, президент қол қойғаннан кейін бақылау күшейіп, нақты шаралар қолданыла бастаған.