Дәріні тоңазытқышта сақтау - ең жиі жіберілетін қателік
Сурет: ЖИ
Дәрі-дәрмекті дұрыс сақтамау оның емдік қасиетін төмендетіп қана қоймай, денсаулыққа қауіп төндіруі де мүмкін. Дәріханалық препараттардың тек жарамдылық мерзіміне қарау жеткіліксіз. Олардың тұрған орнына, температураға, ылғалдылыққа, жарыққа, қаптаманың бүтіндігіне және құтының ашылған күніне де көңіл бөлген жөн.
Ең басты 5 қауіпсіздік ережесі
- Нұсқаулықты мұқият оқыңыз, сақтау шарттарын қатаң ұстаныңыз.
- Дәрілерді өз қаптамасында, ішіндегі нұсқаулығымен бірге сақтаңыз.
- Дәрі қобдишасын турмыстық химиядан және азық-түліктен алыс ұстаңыз.
- Балалар мен жануарлардан жасырыңыз. Олар ала алмайтындай етіп жабыңыз.
- 3-4 айда бір рет дәрілерге тексеріс жасап, мерзімі өтіп кеткендерін қоқысқа тастаңыз.
Қаптамадағы және нұсқаулықтағы жазуларды қалай түсінуге болады?
- Ашылғанға дейінгі және ашылғаннан кейінгі мерзім – бұл екі бөлек ұғым.
- «Бөлме температурасы»: +15 °C-тан +25 °C-қа дейінгі аралық.
- «Құрғақ жерде сақаңыз!»: Ылғалдылығы 50–60%-дан аспайтын орын.
- «Жарық түспейтін жерде» және «Түпнұсқа қаптамада»: Фольгалы блистерден таблетканы ішер алдында ғана шығару керек. Ал мөлдір құтыларды қараңғы шкафқа тығып сақтаған жөн.
Дәрі сақтауда көпшілік жиі жіберетін қателіктер
Әртүрлі дәрілерді бірге сақтамаңыз. Майлар мен балауыздар (свечи) бөлме температурасында еріп кетсе, таблеткалар тоңазытқышта ылғал тартып бұзылады.
Сұйық препараттарды таблетка, ұнтақ дәрілермен бірге қоймаңыз. Сұйық антисептиктер мен тұнбалар төгілсе немесе буланса, жанындағы ұнтақтардың қаптамасын бүлдіріп, құрамын бұзады.
Бәрін бір ыдысқа араластырып салмаңыз. Қаптамасыз жүрген дәрілердің атын немесе дозасын шатастырып, байқаусызда артық ішіп қою қаупі бар.
Температура режимін сақтаңыз. Бөлме температурасы: +15...+25 °C. Салқын жер: +8...+15 °C. Тоңазытқыш: +2...+8 °C.
Барлық дәріні тоңазытқышқа тыға беруге болмайды! Таблеткалар ылғалданады, ал сироптар қатып қалуы мүмкін. Тоңазытқышта (+2...+8 °C) тек балауыздарды, инсулинді, вакциналарды, ашылған көз тамшыларын және пробиотиктерді сақтайды.
Тоңазытқыш есігінде сақтауға - тыйым салынады. Есік жиі ашылатындықтан, онда температура құбылып, конденсат (су) жиналады. Дәрілерді контейнерге салып, тоңазытқыштың ортаңғы сөресінде, артқы қабырғаға қатты жақындатпай сақтаған дұрыс.
Батарея, плита немесе терезе алдына қоймаңыз. Күн сәулесі мен ыстық дәрінің химиялық құрамын бұзады. Жазда немесе қыста терезе әйнегі +40...+50 °C-қа дейін ысып кетеді. Ең дұрыс орын – бөлменің ішкі қабырғасында орналасқан, батареядан алыс, жабық шкаф.
Көлікте, балконда немесе саяжайда қалдыру – қателік. Аяз бен +30 °C-тан жоғары ыстық дәріні мерзімінен бұрын жарамсыз етеді. Тасымалдау кезінде арнайы термосөмкелерді немесе зауыттық қаптамасын пайдаланыңыз.
Ванна бөлмесінде сақтамаңыз. Ондағы ылғалдылық 65%-дан асады. Таблеткалар мен ұнтақтар су тартып, үгітіліп, емдік қасиетін жоғалтады.
Ас үйде ұстау – айып. Плитаның ыстығы, бу, майдың шашырауы және тамақтың иісі дәрінің құрамын өзгертіп жібереді.
Түпнұсқа қорабын тастамаңыз. Қорапсыз немесе нұсқаулықсыз қалған дәрінің жарамдылық мерзімін, дозасын білу мүмкін болмай қалады.
Шашылған таблеткаларды пайдаланбаңыз. Қаптамасынан алынып, органайзерге салынған дәрі-дәрмектерді тек сол күні ішу керек. Келесі күні жарамсызға айналады. Дәрілер органайзерін 1 күнге арналған дәрілерді реттеу үшін ғана қолдануға болады.
Ашылған күнін жазып қойыңыз. Сироптар, спрейлер мен тамшылардың ашылғаннан кейінгі сақталу мерзімі өте қысқа болады. Құтыны ашқан бойда оның сыртына маркермен датаны жазып қою керек.
Дәрі ысып кетсе, не істеу керек?
Егер бөлмедегі температура +25 °C-тан асып кетсе, кейбір дәрілер (мысалы, нитроглицерин немесе амоксициллин) тиімсіз болып қана қоймай, улы болып кетуі де мүмкін.
- Дәріні ішуді дереу тоқтатыңыз.
- Нұсқаулықтан рұқсат етілген температураны тексеріңіз.
- Түсі немесе иісі өзгергенін байқасаңыз, дәріханашыдан немесе дәрігерден кеңес алыңыз.
Дәрі қобдишасын ретке келтіру жоспары
Дәрілерді сараптауды 3–4 айда бір рет жасап тұрған абзал.
Дайындық
- Үстел үстін босатып, барлық дәрілерді шығарыңыз.
- Мерзімі өткендерге арнап бөлек пакет дайындаңыз.
- Тоңазытқышта тұратын дәрілерді бөлек іріктеңіз.
Тексеру
- Мерзімдерін және ашылған күндерін тексеріңіз.
- Қаптаманың бүтіндігіне, таблеткалардың түсі өзгермегеніне көз жеткізіңіз.
- Күмәнді дәрілердің нұсқаулығын қайта оқыңыз.
Орналастыру
- Дәрілерді мақсатына қарай (мысалы: «алғашқы көмек», «күнделікті», «маусымдық/суық тию») бөліп жинаңыз.
- Барлығын құрғақ, тығыз жабылатын контейнерге салыңыз.
- Үйде ас бөлмесінен, жуынатын бөлмеден, жылу батареясынан, күн сәулесі түсетін терезеден алыс орналасқан, қараңғы және салқын жердегі шкаф тағайындап, қобдишаларды салыңыз.
- Кілтпен жабылатын бокс болғаны дұрыс, бұл балалар мен үй жануарлары үшін қауіпсіз.
- Тоңазытқыштағы дәрілерге арнайы герметикалық контейнер бөліңіз.
Алғашқы көмекке арналған дәрілерді шағын сөмке немесе кейсте бөлек ұстаңыз. Кенеттен орын алатын төтенше жағдайларда қалай қолдану керегін отбасы мүшелеріне де түсіндіріп қойыңыз. Алғашқы көмек дәрі-дәрмектерінің ретті жиналуы және отбасы мүшелерінің қалай қолдануды білуі әр секунд санаулы болатын сәттерде өмірді сақтап қалатын үлкен көмекке айналуы мүмкін.
Дайындаған: Х. ОРАЛ,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


