«WORLDSKILLS TURKISTAN-2025» чемпионаты мәресіне жетті

0
132

36 құзыреттілік бойынша 36 студент жолдама алды.


«WORLDSKILLS TURKISTAN-2025» чемпионаты мәресіне жетті

«WORLDSKILLS TURKISTAN-2025» облыстық чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылар арасындағы кәсіби шеберлік байқауының жеңімпаздары анықталып, марапатталды. Нәтижесінде республикалық кезеңге 36 құзыреттілік бойынша 36 студент жолдама алды. Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы қатысып, сәттілік тіледі.


– Кәсіптік бағдар беруді көздейтін «WorldSkills» байқауының өңірлік іріктеуі аяқталды. Жыл сайын республикалық чемпионатта біздің қатысушыларымыз құр алақан оралған емес. Өткен жылдардың нәтижесінде Түркістан облысы жүлделі 6 орынды иеленген. 2025 жылы жоғары көрсеткіш көрсетіп, үздік үштіктің қатарынан көрейік. Аймақтық чемпионатта жеңіске жеткен студенттерді шын жүрекпен құттықтаймын. Сіздер үшін бұл тәжірибе алаңы. Түркістан облысының дамушы аймақ екені ескеріліп, өңір рухани ғана емес, өндіріс, ауыл шаруашылығы және туризм бағыттарына басымдық беруде. Аймақта техникалық және кәсіптік білім беру саласында жаңа жоспарларымыз бар. Қазіргі таңда 50 колледжде 45 мыңнан астам студент білім алуда. Биыл колледждерге 15 мыңнан астам грант бөлудеміз. Оқу бағдарламасын нарық талабына сай бейімдейміз. Аталған бағытта жаңадан 11 жұмысшы мамандығына лицензия алынады. Нәтижесінде агрохимия, лифт шаруашылығы, ұшу аппараттарының операторы және жылыжай шаруашылығы бойынша студенттер қабылдайды, – деді Бейсенбай Тәжібаев.


Еліміздің жас мамандарына алған кәсіби дағдылары мен құзыреттіліктерін көрсетуге мүмкіндік беретін «WorldSkills» қозғалысы оныншы жыл өткізіліп келеді. Жарыс алаңында 317 студент өзара бақ сынасты.


Қатысушылардың жұмысын 314 сарапшы мен 36 бас сарапшы бағалады. Биыл облыстық кезең 36 құзыреттілік бойынша өтті. Атап айтар болсақ, «Абилимпикс Графикалық дизайн», «Абилимпикс сән технологиясы», «Агрономия», «Аспаз ісі», «CAD инженерлік графикасы», «Бастауыш білім беру», «Бизнеске арналған IТ шешімдері», «Веб технологиялар», «Дәнекерлеу технологиялары» сынды түрлі кәсіптік құзыреттілік бар.


WorldSkills миссиясы – кәсіптік бағдар беру, кадрларды даярлау, сарапшылар қоғамдастығын құру және еңбек өнімділігін арттыру тетіктерін қоса алғанда халықаралық стандарттарға негізделген техникалық мамандықтар бойынша жоғары технологиялық өндірістерді кадрлармен қамтамасыз ету механизмдерін қалыптастыру.

Бөлісу