​Түркістанда заманауи вирусологиялық зертхана ашылды

0
60

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев жаңа зертхананың өңір үшін маңыздылығына тоқталды.


​Түркістанда заманауи вирусологиялық зертхана ашылды

Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының жаңа вирусологиялық зертханасыныңашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жаңа зертхана Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан Пандемиялық қордың елдік жобасы аясында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) қолдауымен және БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) жәрдемдесуімен іске қосылды. Жаңа нысан Қазақстанның зертханалық жүйесін нығайтуға және елдің инфекциялық аурулардың өршуінің алдын алуға бағытталған.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Дүниежүзілік банктің денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аға экономисі және Пандемиялық қордың аға портфельдік менеджері, Пандемиялық қор өкілі,доктор Ампаро Елена Гордильо-Тобар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы Өкілі доктор Скендер Сыла, БҰҰДБ,Ұлттық сараптама орталығы және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев жаңа зертхананың өңір үшін маңыздылығына тоқталды.

– Осындай ірі әрі халқы тығыз орналасқан өңір үшін өзінің заманауи вирусологиялық зертханасының болуы аса маңызды. Бұл, ең алдымен, диагностиканың жеделдігі және инфекциялық қауіптерге уақтылы ден қою мүмкіндігі. Біздің міндетіміз – өңірлердің зертханалық инфрақұрылымын жүйелі түрде нығайту, осылайша жүйе қазіргі сын-қатерлерге ғана емес, ықтимал жаңа эпидемиологиялық қауіптерге де дайын болуы тиіс, – деді ол.

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов бұл жобаның өңірдің санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.

– Бүгін өңіріміздің денсаулық сақтау және санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік саласында өте маңызды, тарихи оқиға орын алып отыр. Облысымызда жаңа вирусологиялық зертхана салтанатты түрде ашылуда. COVID-19 пандемиясы бүкіл әлемге де, біздің елге де үлкен сынақ болды. Сол бір сын сағатта медицина қызметкерлері мен зертхана мамандары күн-түн демей, халық денсаулығы үшін аянбай еңбек етті. Дәл осы кезең Түркістан облысына заманауи вирусологиялық зертхананың ауадай қажет екенін айқын көрсетті. Осындай жағдайларды дер кезінде ескеріп, оңтайлы шешім қабылдаған Қазақстан Республикасы Пандемияға қарсы қордың елдік гранты есебінен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының техникалықжәне Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасыныңқолдауымен Қазақстан Республикасы аумағында бірінші болып Түркістан қаласында вирусологиялық зертхана салып отыр. Ел болашағына аса назар аударғандарыңыз үшінсіздерге айтар алғысымыз шексіз. Бұл – ел болашағы мен халық саулығына жасалған үлкен инвестиция! – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары осы игі жобаны жүзегеасыруға үлес қосқан барша азаматтарға алғыс білдірді.

Салтанатты іс-шара барысында құрметті қонақтар жаңа зертхананы аралап,заманауи құрал-жабдықтарымен танысты.

Жаңа зертхананың іске қосылуы өңірдің диагностикалық мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді. Бұған дейін Түркістан облысында мамандандырылған вирусологиялық зертхананың болмауына байланысты биологиялық үлгілер зерттеу жүргізу үшін еліміздің басқа өңірлеріне жіберіліп келген. Жаңа зертхананың іске қосылуы диагностикалық зерттеулердің мерзімін едәуір қысқартып, зертханалық қызметтердің халық үшін қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірдегі эпидемиологиялық қадағалау жүйесін күшейтіп, инфекциялық ауруларды дер кезінде анықтау және оларға жедел ден қою мүмкіндігін кеңейтеді.

Қазақстан пандемияларға дайындықты және денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға ден қою әлеуетін нығайтуға бағытталған жобаларды жаһандық іріктеудің бірінші кезеңі аясында Пандемиялық қордан қаржыландыру алған елдердің қатарына кірді. Пандемиялық қордың гранты инфекциялық ауруларға эпидемиологиялық қадағалауды дамытуға, зертханалық жүйелерді жаңғыртуға, биологиялық қауіпсіздік пен биологиялық қорғанысты қамтамасыз етуге, инфекциялық аурулардың өршуін ерте анықтау және оларға ден қою тетіктерін жетілдіруге, инфекциялық бақылау шараларын күшейтуге және денсаулық сақтау жүйесінің кадрлық әлеуетін дамытуға баса назар аудара отырып, ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға қолдау көрсетеді.

Бөлісу