Түркістанда тұрғындардың өтініштері тыңдалып, нақты тапсырмалар берілді

0
45

Жеке қабылдауға жазылу жұмыстарын Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді.


Түркістанда тұрғындардың өтініштері тыңдалып, нақты тапсырмалар берілді

Түркістан облысында тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков бекітілген кестеге сәйкес «Ашық әкімдік» кеңсесінде азаматтарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.


Түркістандық азамат үйіргелік жерді заңдастыруға қатысты түйінді тарқатуға көмек сұрады. Өндірістік кооператив мүшелерінің жер үлесіне қатысты шағымымен Қасымбек датқа және Сарыарық ауылының шаруалары жүгінді. Сайрамдық тұрғындар да мемлекеттік мұқтаждыққа қайтарылған жерлерінің өтемақысы әлі күнге төленбегенін айтып, мәселенің шешілуіне ықпал етуді өтінді.


Нұрбол Әбдісаттарұлы Жер қатынастары басқармасының басшысына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Жер үлесіне қатысты жағдайды құзырлы мекеме өкілдерімен бірлесе зерделеуді тапсырды. Сайрамдықтарды алаңдатқан мәселе бойынша қаржы бюджеттік нақтылау барысында аудан әкімдігінің өтініміне сәйкес қарастырылатынын түсіндірді.


Айта кетейік, Түркістан облысында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тікелей тыңдап, жедел шешім қабылдау мақсатында азаматтарды жеке қабылдау тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Облыс әкімі мен оның орынбасарлары бекітілген кестеге сәйкес тұрғындармен кездесіп, көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын қарастырады.


Жеке қабылдауға жазылу жұмыстарын Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді. Тұрғындар қабылдауға eGov.kz порталы, e Otinish бірыңғай базасы арқылы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш қалдыру арқылы тіркеле алады. Өңір басшылығы азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын назардан тыс қалдырмай, заң аясында шешу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Бөлісу