Алғаш рет ұйымдастырылған спартакиадаға 8517 спортшы қатысып, олар спорттың 13 түрінен бақ сынайды.
Түркістандағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында және «Спорт – нашақорлыққа, терроризмге қарсы» ұранымен көктемгі Түркістан облысының көктемгі спартакиадасы шымылдығын түрді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Дәстүрлі додаға Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты аудан-қалалардағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің командалары қатысуда. Алғаш рет ұйымдастырылған спартакиадаға 8517 спортшы қатысып, олар спорттың 13 түрінен бақ сынайды.
Салтанатты ашылу рәсімінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров құттықтау сөз сөйлеп, жарыстың маңызына тоқталды. Ол бұл спорттық бәсекенің басты мақсаты жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және әр аудан мен қаланың спорттық әлеуетін айқындау екенін атап өтті.
Қазіргі таңда облыста 51 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Онда спорттың 40 түрі дамытылып, 1520 жаттықтырушы 39969 жасөспірімді кәсіби бағытта тәрбиелеуде. Бұл көрсеткіштер өңірдегі спорт саласының жүйелі дамып келе жатқанын аңғартады.
Наурыз-сәуір айлары аралығында өтетін спартакиада қорытындысы бойынша үздік аудан-қалалар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы медальдармен, кубоктармен және алғысхаттармен марапатталады.


