Халықаралық турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері 23 сәуір күні анықталады.
Түркістанда бокстан Әбдісалан Нұрмаханов атындағы ХХХІ халықаралық жарыс басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістандағы «Olympic center» спорт кешенінде даңқты боксшы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері болған Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған ХХХІ халықаралық турнир басталды.
Ересектер арасындағы бокс додасының ашылу салтанатында Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров даңқты боксшы әрі бапкер тұлғаның есімі тарихта мәңгі қалатынын айтып, дәстүрлі турнирдің маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Әбдісалан Нұрмахановтың жары Күлпәш Ғалымжанқызы бокс қайраткері туралы ой қозғады. Сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің атынан бокс жанашырының жарына сый-құрмет көрсетілді.
Дүбірлі сайысқа Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен және еліміздің барлық аймағынан жұдырықты жігіттер қатысып жатыр. Рингте 13 салмақ дәрежесінде 100-ге жуық спортшы бақ сынауда. Халықаралық турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері 23 сәуір күні анықталады.
Әбдісалан Нұрмаханов 1993 жылдан бастап бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері атанды. Қазақстан құрамасы бұрынғыдан күшейе түсті. 1995 жылы Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатында қазақтар 6 алтын жүлдені жеңіп алды.
1996 жылы өткен Жазғы Олимпиада ойындарында Әбдісалан Нұрмахановтың шәкірттері 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте 3-орынды иеленді. Осы Олимпиада ойындарында Василий Жиров ең үздік боксшыға тағайындалған Вэл Баркер кубогын еншіледі.
Атланта Олимпиадасында өзінің нағыз майталман бапкер екенін көрсетіп, қазақ спортының тарихында өшпес із қалдырған қайраткер атында Түркістанда спорт мектебі бар. Жыл сайын Ә.Нұрмаханов атындағы дәстүрлі турнирі тұрақты өтіп келеді.