10 мыңнан астам жас қатысып, өз бақтарын сынады.
Түркістанда белтемірге тартылудан облыстық жарыс өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы әкімдігі мен Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен «Жаңа Конституция – жастардың құқықтық мәдениеті: «Тәртіпке тартыл» тақырыбындағы облыстық белтемірге тартылу жарысының ақтық кезеңі өтті. Іс-шараның мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын дәріптеу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңға құрметті арттыру, сондай-ақ құқық бұзушылықтың, лудомания мен қаржылық алаяқтықтың алдын алу.
Облыстың барлық аудан-қалаларында өткен іріктеу кезеңдері мен финалдық жарысқа жалпы 10 мыңнан астам жас қатысып, өз бақтарын сынады. Жарыс қорытындысы бойынша 14-20 жас аралығында сарыағаштық Али Мамедов бас жүлдені иеленді. Ал, ІІ орынды созақтық Айбек Жарылқасын, ІІІ орынды да созақтық спортшы Николай Александр иеленді. Ал, 21-28 жас аралығында түлкібастық Елнұр Сағымбеков чемпион атанса, ІІ орын бәйдібектік Бегасыл Советке, ІІІ орын қазығұрттық Мағжан Әріпбайға бұйырды. Сондай-ақ, 29-35 жас аралығы бойынша І орынды арыстық Илья Волкотюк жеңіп алса, ІІ орын түркістандық Нұрболат Орынтайға, ІІІ орын кентаулық Елнұр Абдурахмановқа бұйырды. Сонымен қатар, «Күш символы» арнайы номинациясымен төлебилік Жанғали Әлжанов, түркістандық Нұрсұлтан Расулов және сайрамдық Алмардан Рустамбеков марапатталды. Аталған жоба жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және құқықтық мәдениетті нығайтуға өз үлесін қоспақ.


