ТҮРКІСТАН: Жуырда банкроттыққа өтініш беру басталады

0
990

Жеке тұлғалар банкроттыққа өтініш бере алады.


ТҮРКІСТАН: Жуырда банкроттыққа өтініш беру басталады

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға қол қойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысы 2022 жылғы 22 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға (Банкроттық туралы заң) қол қойды. Енді 3 наурыздан бастап елімізде жеке тұлғалар банкроттыққа өтініш бере алады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Еркін Елшібеков мәлімдеді.


Оның айтуынша, азаматтар «жеке тұлғаның банкроттығын» қолдану үшін үш түрлі нұсқаның бірін таңдай алады – «соттан тыс банкроттық», «сот банкроттығы» және «төлем қабілетін қалпына келтіру».


«Соттан тыс банкроттық» - егер жеке тұлғаның банк, микроқаржы ұйымы, коллекторлық агенттіктер алдындағы берешегі 1 600 АЕК-тен аспаса (5 млн 520 мың теңге), соттан тыс банкроттықты пайдалана алады. Бұл үшін қарыз алушы мына талаптарды сақтауға тиіс: атына тіркелген, ортақ меншіктегі мүлік болмауы керек; өтініш берілген күні, қатарынан 12 ай ішінде ол кредиторлар мен коллекторлардың алдындағы міндеттемелері бойынша төлем жасамаған болуға тиіс», - деді Департамент басшысының орынбасары.


Еркін Кеңесбекұлының мәлімдеуінше, азаматтың берешегі 5 млн. 520 мың теңгеден асып кетсе, «сот банкроттығы» бойынша рәсімдейді.


«Егер жалғыз тұрғын үй кепіл нысанасы болса, онда кредитор оны қайтарып алуға құқылы. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл болмаса, несие берушілер оны талап ете алмайды. Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады. Олардың құрамына заңды тұлғалар мен жеке азаматтардың банкроттық рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң консультанттары, аудиторлар кіруге құқылы», - деді ол.


«Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру» - бұл рәсімді қолданушылар толық банкрот болмайды. Жеке тұлға қаржы ұйымы алдындағы берешегін бес жыл мерзімге бөліп төлеп, төлем қабілетін қалпына келтіре алады. Үдеріс сот арқылы жүзеге асады. Мұның ерекшелігі – бұл рәсімнен кейін адам «банкрот» мәртебесін алмайды.


Жеке тұлға өзін банкрот деп жарияланғаннан кейін 5 жыл ішінде қарыздар мен кредиттер алуға тыйым салынады. Қайта банкроттық 7 жылдан кейін ғана мүмкін болады. Сондай-ақ, банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізілетін болады.


Барлық үш рәсімді тек борышкердің өзі бастайды, яғни несие берушінің борышкердің банкроттығын беруге құқығы жоқ. Банкроттық туралы өтінішті борышкер «E-salyg Azamat» мобильді қосымшасы, «E-gov» веб-порталы және ХҚКО АЖ арқылы жібере алады.