ТҮРКІСТАН: Ұрлық және заңсыз ойынға қарсы күрес күшейтілді

0
64

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты мемлекеттік органдарға нақты міндеттер жүктеді.


ТҮРКІСТАН: Ұрлық және заңсыз ойынға қарсы күрес күшейтілді

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жиында екі мәселе қаралды. Атап айтқанда, Ұрлықтарға қарсы іс-қимылдың 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру аясында мүліктік қылмыстардың, оның ішінде пәтер, автокөлік, мал, қалта және ұялы телефон ұрлығының алдын алу жұмыстары сараланды. Сонымен қатар заңсыз ойын бизнесіне, онлайн-казинолар мен қаржылық пирамидалардың қызметіне қарсы күрес және олардың алдын алу шаралары талқыланды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты мемлекеттік органдарға нақты міндеттер жүктеді.

– Өңірімізде қылмыстың алдын алу мақсатында аудан, қала әкімдіктері құқық қорғау органдарымен бірлесіп нақты іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруы тиіс. Ұрлық жиі тіркелетін аудан-қалаларда бірлескен рейдтік шараларды күшейтіп, ұрлықтың алдын алу жұмыстарын жандандыру қажет. Сонымен қатар қаржылық пирамидалардың алдын алу, қаржылық алаяқтық пен лудоманияға қарсы күресті күшейтіп, экономикалық қылмыстардың деңгейін төмендетуге бағытталған нақты шаралар қабылдансын. Заңсыз ойын алаңдары бойынша аудан, қалаларда жан-жақты талдау жүргізіліп, алдын алу жұмыстары күшейтілуі керек. Барлық берілген тапсырмалар белгіленген мерзімде сапалы орындалып, атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы облыс әкімі аппаратына ақпарат ұсынылсын, – деді Нұралхан Көшеров.

Алғашқы мәселелер бойынша Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев баяндама жасады. Мәжілісте өңірдегі жалпы қылмыс деңгейінің төмендегені айтылды. Сондай-ақ ұялы телефон мен мал ұрлығының арту себептері талданып, Қазығұрт, Ордабасы, Сарыағаш, Сауран, Созақ, Келес және Төлеби аудандарындағы ахуал қаралды.

Облыс әкімі аталған мәселелер бойынша аудан және қала әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысының тиімділігін арттыру қажеттігін айтып, жауапты басшылардың пікірлерін тыңдалды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірінші жедел басқармасының бастығы Диас Тобатаев баяндама жасап, заңсыз ойын бизнесі, онлайн-казинолар, қаржылық пирамидаларға қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Мәжілісте тұрғындар арасында қаржылық сауаттылықты арттыру, лудоманияның алдын алу, сондай-ақ құмар ойындарға тәуелді азаматтарға қатысты талдау жүргізу мәселелері қозғалып, нақты міндеттер жүктелді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

Бөлісу