ТҮРКІСТАН: Төлебиде ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр

0
68

Бағдарлама аясында делегация аудан орталығында құрылысы жүріп жатқан «Төлеби баба» музейімен де танысты.


ТҮРКІСТАН: Төлебиде ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр

БАҚ өкілдері Төлеби ауданындағы жемісті жобалармен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Төлеби ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Сапардың мақсаты – ауданда жүзеге асырылып жатқан жобалармен таныстыру және өңірдің өндірістік әлеуетін көрсету. Тур аясында БАҚ өкілдері аудан экономикасына оң әсер етіп, өңірдің әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар нысандарды аралап, олардың жұмысымен танысты.

Алдымен журналистер Сұлтанрабат елді мекеніндегі «AiK.kz» кәсіпорнында болды. Сағатына 2 мың дана жұмыртқа науасын (лотогын) өндіретін нысан биыл пайдалануға берілген. Жобаның жалпы құны - 250 млн теңге. Қазіргі таңда онда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Пресс-тур бағдарламасы аясында өңірдегі балық шаруашылығын дамытуда алдыңғы қатардан көрініп жүрген «Fish House» ЖШС-ң жұмысы таныстырылды. Киелітас ауылдық округіне қарасты Достық ауылында 2025 жылдың шілде айында ашылған кәсіпорын жылына 300 тонна балық өндіреді. Онда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорында балықтың форель, сазан және ақ амур түрлері өсіріледі. Айта кетейік, кәсіпорын 2025 жылы Қазақстанның «Ең үздік балық өндірушісі» атанған

Сапар аудан орталығы Ленгір қаласында орналасқан «Dana» тігін цехында жалғасты. Жеке кәсіпкер Дана Жұмабаева өз қаражаты есебінен ашқан кәсіпорында жылына 150 мың дана жаздық және 90 мың дана қыстық арнайы жұмыс киімі тігіледі. Еліміздің барлық өңірлерімен әріптестік байланыс орнатқан цех өнімдерін көршілес Ресейге де экспорттайды.

Сапар аясында Зертас елді мекенінде салынып жатқан спорт кешенінің құрылысы таныстырылды. 2025 жылы басталған құрылыс облыстық бюджет есебінен жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, 2027 жылы пайдалануға берілетін кешенде 45 орындық кіші спорт залы, баскетбол, волейбол және күрес залдары, сондай-ақ заманауи жаттығу залы болады.

БАҚ өкілдерінің назарына «Азия Милк» шаруа қожалығы да ұсынылды. Жоба құны 1 млрд теңгені құрайтын фермада жылына 1300–1350 тонна сүт өндіріледі. Жалпы 40-тан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның алғашқы кезеңі 2025 жылдың соңында пайдалануға беріліп, онда 564 бас ірі қара болған. Ал екінші кезеңі 2026 жылы іске қосылып, мал басы 636-ға жеткен.

Бағдарлама аясында делегация аудан орталығында құрылысы жүріп жатқан «Төлеби баба» музейімен де танысты. Аталған нысанды биыл шілде айында пайдалануға беру жоспарланған. «Төлеби ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен салынып жатқан музейдің жалпы құны 372,2 млн теңгені құрайды.

Бөлісу