ТҮРКІСТАН: Созақ ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 1 трлн теңгеден асты

0
99

311 млрд 427 млн теңге инвестиция тартылған.


ТҮРКІСТАН: Созақ ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 1 трлн теңгеден асты

Созақ ауданында өткен жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 1 трлн 42 млрд 134 млн теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 129,9%-ға артқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Созақ ауданында өткен жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 1 трлн 42 млрд 134 млн теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 129,9%-ға артқан. Сондай-ақ, былтыр аудан экономикасына 311 млрд 427 млн теңге инвестиция тартылып, 2024 жылмен салыстырғанда 71 млрд 27 млн теңгеге өскен. Бұл жайында Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.


«Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласы бойынша негізгі капиталға 2 млрд 35,5 млн теңге инвестиция тартылып, жылдық жоспар 101,8 пайызға орындалды. Ал, тамақ өндірісіне 254 млн теңге инвестиция тартылған. Су үнемдеу технологияларын қолдану бойынша 308 гектар жерге жаңбырлатып суару, 33 гектар жерге тамшылатып суару әдісі, жалпы 341 гектарға орнатылып, жоспар 102,4% орындалды. Сонымен қатар, 2025 жылдың қорытындысымен 12 702,6 тонна ет, 8 161,4 тонна сүт, 1 977,5 мың дана жұмыртқа өндірілді»- деді аудан басшысы.


Өңірдегі инфрақұрылым саласында да оң өзгерістер жетерлік. Ауданға қарасты елді мекендер 100% орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Сондай-ақ, 2025 жылы Созақ ауданында магистральды газ құбырының құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, биыл өңірге алғаш рет көгілдір отын келді. 2026 жылдың 13 ақпанында аудан орталығы Шолаққорған ауылына газ беріліп, 4 600 абонент көгілдір отынға қол жеткізді. Енді Созақ және Құмкент ауылдарына газ құбырын тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.


Сондай-ақ, Жартытөбе, Бабата және Аққолтық елді мекендерін газбен қамту үшін құрылыс жұмыстары басталған. Сонымен қатар, ауданға қарасты елді мекендер 100% электр энергиясымен қамтылған.


«Өткен жылы аудан аумағында құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізілді. Атап айтар болсақ, 2023 жылы құрылысы басталған Шолаққорған ауылындағы заманауи спорт кешенінің құрылысы 2025 жылдың қазанында толық аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, ірі кітапхана құрылысы да аяқталып, биыл 30 қаңтар күні қолданысқа берілді. Созақ, Тасты ауылдық округтерінде әкім аппараты ғимараттарының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Шолаққорған ауылындағы «Достар» стадионын қайта құру жұмыстары аяқталды. Одан бөлек, Жуантөбе, Тасты, Шу, Сызған, Құмкент және Жартытөбе ауылдарында жабық футбол алаңшаларының құрылыс жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, өңірдегі баспана мәселесін шешу бойынша да ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Өткен жылы Жеткіншек мөлтек ауданында 2 қабатты 16 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталса, Шолаққорған ауылында да 2 қабатты 16 пәтерлі баспана өз иесін тапқан. Бүгінгі таңда жалпы аудан аумағында 76 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр» - деді Мұхит Сексенбайұлы.

Бөлісу