ТҮРКІСТАН: Шардарада «Жаушықұм – Қалғансыр» жолы ел игілігіне берілді

0
96

Автомобиль жолының 8 шақырымы облыстық бюджет есебінен орташа жөндеуден өтті.


ТҮРКІСТАН: Шардарада «Жаушықұм – Қалғансыр» жолы ел игілігіне берілді

Шардарада Жаушықұм мен Қалғансыр ауылдарын байланыстыратын аудандық маңыздағы автомобиль жолы салтанатты түрде пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысында Мемлекет басшысының ауыл инфрақұрылымын жақсарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Солардың бірі Шардара ауданында жүзеге асты. Тұрғындар көптен күткен маңызды инфрақұрылымдық жоба – Жаушықұм мен Қалғансыр ауылдарын байланыстыратын аудандық маңыздағы автомобиль жолы салтанатты түрде пайдалануға берілді.

Жолдың ашылу рәсіміне Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев, Шардара аудандық мәслихаттың төрағасы Бұлтбай Мүтәлиев, ардагерлер, ауыл ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Арман Романұлы бұл жолдың ел игілігі үшін маңызы зор екенін атап өтіп, Мемлекет басшысының халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған тапсырмалары аясында жүзеге асқан жобаның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретінін жеткізді.

Іс-шара барысында ауданның дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азамат «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Атап айтқанда, «Строительная компания «Строймонтаж» ЖШС-нің директоры Нұрғали Мамбетов, аталған компанияның учаске басшысы Данияр Алпысов және Жаушықұм ауылының медиаторы Қайрат Бекбенбетов марапатқа ие болды.

Сондай-ақ ауыл ақсақалы Шүренбай Түзелұлы ел бірлігі мен өңірдің өркендеуіне арналған ізгі лебізін жеткізді. Іс-шара соңында ауылдың қадірлі ақсақалы Әбілқасым Ілесов ақ батасын беріп, жаңа жолдың елге ұзақ жылдар бойы қызмет етуіне тілектестігін білдірді.

Еске сала кетсек, жоба аясында Шардара ауданындағы КХSH-18 «КХ-163 Жаушықұм – Қалғансыр» аудандық маңыздағы автомобиль жолының 8 шақырымы облыстық бюджет есебінен орташа жөндеуден өтті. Құрылыс жұмыстарын «Строительная компания «Строймонтаж» ЖШС жүзеге асырды.

Жөндеу барысында атқарылған жұмыстардың сапасы «Ұлттық жол сапасы орталығы» тарапынан зертханалық тексеруден өткізіліп, оң қорытынды алды.

Жаңа жолдың пайдалануға берілуі Жаушықұм мен Қалғансыр ауылдарының, сондай-ақ Шардара және Келес аудандары тұрғындарының қатынасын жеңілдетіп, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен жайлылығын арттырады.

Бөлісу