ТҮРКІСТАН: Отырарда керамикалық мұраны реставрациялауға арналған семинар өтті

0
99

Шараға 50-ден астам археолог, реставратор, музей маманы мен БАҚ өкілдері қатысты.


ТҮРКІСТАН: Отырарда керамикалық мұраны реставрациялауға арналған семинар өтті

Отырарда керамикалық мұраны реставрациялауға арналған республикалық семинар өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

2026 жылғы 17 шілдеде «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының Сапар орталығында музейлік керамикалық бұйымдарды консервациялау мен реставрациялаудың заманауи әдістеріне арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.

Іс-шараның мақсаты – музей қорларындағы керамикалық бұйымдарды ғылыми негізде сақтау және қалпына келтірудің өзекті мәселелерін талқылап, заманауи технологияларды таныстыру, сала мамандарының тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау және мәдени мұраны сақтау ісіндегі кәсіби ынтымақтастықты дамыту.

Семинар алдында қатысушылар «Өткеннің жаңғырған мұрасы» көрмесін тамашалап, реставрациядан өткен бірегей археологиялық керамикалық жәдігерлермен танысты. Шараға 50-ден астам археолог, реставратор, музей маманы мен БАҚ өкілдері қатысты.

Семинардың ашылуында Отырар ауданы әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев, этнограф әрі қолөнер шебері Кендебай Қарабдалов, археолог Айсұлу Ержігітова және «Отырар» музей-қорығының аға ғылыми қызметкері Серік Ақылбек құттықтау сөз сөйлеп, музей жәдігерлерін ғылыми тұрғыда сақтаудың маңыздылығына тоқталды.

Пленарлық отырыста Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері Андрей Донец археологиялық коллекцияларды консервациялау мен реставрациялау тәжірибесімен бөлісті.

«Отырар» музей-қорығының Реставрация және консервация ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Бауыржан Сұлтанмұратов археологиялық бұйымдарды қалпына келтірудегі ғылыми-инновациялық тәсілдер жөнінде баяндама жасады. Сондай-ақ «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының ғылыми-зерттеу бөлімінің жетекшісі Қуаныш Нұрмақмұтов жартас суреттерін сақтау мен реставрациялау бағытындағы жұмыстарды таныстырды.

Практикалық бөлімде Қазақстан суретшілер және қолөнершілер одағының мүшесі, ЮНЕСКО сапа белгісінің иегері Абайхан Рысбаев керамикалық бұйымдарды жасау және қалпына келтіру бойынша шеберлік сабағын өткізді. Ал «Отырар» музей-қорығының суретші-реставраторы Саритай Жұбаниязов пен реставратор, керамика шебері Жанұзақ Ерімбетов керамикалық бұйымдарды реставрациялау мен консервациялаудың практикалық әдістерін көрсетті.

Семинар қорытындысында музейлік керамикалық мұраны сақтау саласындағы ғылыми зерттеулерді жетілдіру, жаңа технологияларды енгізу және кәсіби ынтымақтастықты нығайту бағытындағы ұсыныстар айтылды. Қатысушылар мұндай кездесулердің тәжірибе алмасуға, кәсіби байланысты кеңейтуге және отандық реставрация ісін дамытуға қосатын үлесі зор екенін атап өтті.

Бөлісу