Қазақстанда интернет-алаяқтық 21%-ға азайды

0
128

Байланыс операторларымен бірлесіп алаяқтардың телекоммуникациялық инфрақұрылымды пайдалану мүмкіндіктеріне жүйелі түрде тосқауыл қойылуда.


Қазақстанда интернет-алаяқтық 21%-ға азайды

ERNUR.KZ. Ағымдағы жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің ұйымдастырушылық-практикалық және алдын алу шараларының арқасында негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалды. Мәселен, жыл басынан тіркелген интернет-алаяқтықтардың саны 19 мыңнан 15 мыңға дейін, яғни 21%-ға азайды. Қылмыстарды ашу былтырмен салыстырғанда 29%-ға өсті. Ашылмаған қылмыстық істердің саны 12%-ға қысқарды. Байланыс операторларымен бірлесіп алаяқтардың телекоммуникациялық инфрақұрылымды пайдалану мүмкіндіктеріне жүйелі түрде тосқауыл қойылуда. Бұны ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы полиция полковнигі Жандос Сүйінбай ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, жыл басынан бері 90 млн аса алаяқтық қоңыраулар бұғатталды.

«Алаяқтық схемалардың тағы бір қатысушысы – «активаторлар» деп аталады. Олар - мессенджер аккаунттарын өздеріне тіркеп, оны алаяқтарға ұсынатын адамдар. Бүгінгі таңда 150-ден астам «активатор» ұсталды, олардан 22 мыңнан астам SIM-карта тәркіленді. Сонымен қатар осындай қылмыстарға дроптар да өз үлесін қосуда. Олар банкттік карталарды өздеріне рәсімдеп, аз пайда үшін алаяқтарға береді. Мәселен, қыркүйек айында Түркістан облысында банктік есеп-шоттарын алаяқтық қызметте пайдаланылған Өзбекстанның 27 азаматын тартып, осындай қылмысты ұйымдастырған дроптар тобының қызметіне тосқауыл қойылды. Бұл азаматтарға ұрланған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін банк шоттары ресімделді», – деді спикер.

Сондай-ақ терроризм актілері туралы көрінеу жалған мәліметтерді хабарлайтын адамдарды анықтау бойынша жұмыс жалғасуда. Мәселен, ағымдағы жылғы тамыз айында халықаралық өзара іс-қимыл шеңберінде, Украинаның Киберполициясымен бірлесіп аталған мемлекеттің тұрғыны Астана қаласының сауда орталығының бірінде жарылғыш құрылғысы орнатылғаны туралы көрінеу жалған хабарлама жасағаны үшін ұсталды.

Бұдан бөлек, Ресей Федерациясы ІІМ қызметкерлерімен бірлесіп Астана және Алматы қалаларының аумағында сваттингтің 3 фактісін жасаған Ресей азаматы анықталды. Уақытылы қабылданған шаралар сваттерлердің қызметін барынша азайтуға мүмкіндік берді.

Қазір азаматтардың дербес деректерін заңсыз жинағаны және таратқаны үшін жауапкершілік мәселесі өзекті болып отыр. Мысалы, ағымдағы жылғы мамыр айында Чехия полициясымен бірлесіп Усть-над-Лабем қаласында Қазақстан азаматтарының дербес деректерін таратқан халықаралық арнаны жою бойынша сәтті арнайы операциясы жүргізілді.

Аталған іс бойынша Усть-над-Лабем, Астана, Алматы, Қарағанды қалаларында 6 фигуранттың тұрғылықты мекен-жайы бойынша тінту іс-шаралары жүргізілді, олардың барлығы Қазақстан азаматтары болып табылады. Қылмыстық схеманың 3 тікелей ұйымдастырушысы ұсталып, қамауға алынды. Тергеу жүргізілуде.