Бұл – еліміздің археология ғылымы үшін маңызды жаңалықтардың бірі.
ERNUR.KZ. Ордабасы ауданына қарасты Қараспан ауылдық округіндегі Төлебайтөбе қорымынан Қаңлы дәуіріне тән бұрын-соңды кездеспеген ерекше жерлеу кешені табылды.
Биыл мамыр айында Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-і жанындағы археологиялық ғылыми-зерттеу орталығы Төлебайтөбе қорымында қазба жұмыстарын жүргізген. Зерттеуге Ордабасы мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының мамандары да қатысқан. Ғалымдар бес обаны зерттеп, оның үшеуінен Қаңлы дәуіріне тән жерлеу орындарын анықтады. Соның ішінде №13 обадан катакомба үлгісіндегі сирек кездесетін жерлеу кешені табылды. Мазарат еденіне ірі хум ыдысының сынықтары төселіп, оның үстіне ер және әйел адамның сүйектері қойылған. Мамандардың айтуынша, мұндай жерлеу рәсімі Қаңлы мемлекеті дәуіріне тән. Бұл жаңалық сол заман адамдарының дүниетанымы мен жерлеу дәстүрін тереңірек тануға мүмкіндік береді.
Қазба барысында саптыаяқтар, қыш ыдыстар, темір жебе ұштары, белдік және аяқ киім тоғалары, тұғырлы тостаған сияқты құнды жәдігерлер табылды. Сондай-ақ, хум сынықтарынан сақталған мата іздерінің анықталуы Қаңлы дәуірінде тоқымашылық кәсібінің болғанын дәлелдейтін маңызды ғылыми айғаққа айналды.
Табылған адам сүйектері антропологиялық сараптамаға жіберіліп, олардың жасы, жынысы, дене бітімі мен өмір сүру ерекшеліктері жан-жақты зерттелмек. Төлебайтөбе қорымындағы археологиялық зерттеулер Ордабасы өңірінің бай тарихи мұрасын жаңа деректермен толықтырып, ұлттық археология ғылымының дамуына тың серпін беруде.


