Түркістан облысында шіркейге қарсы ғылыми негіздегі мониторинг күшейтілді

0
60

Жалпы ғылыми сүйемелдеу жұмыстарын жүзеге асыру үшін 6 білікті биолог маман тартылып, арнайы техникалар, жүзу құралдары (қайық) және зертханалық базамен толық қамтамасыз етілген.


Түркістан облысында шіркейге қарсы ғылыми негіздегі мониторинг күшейтілді

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Сырдария өзені бойындағы шіркей дернәсілдерінің дамуы тұрақты бақылауға алынған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл жұмыстармен «Защита-растений-К» ЖШС мекемесінің ғылыми сүйемелдеу тобы айналысуда. Ғылыми сүйемелдеу тобының жүргізген зерттеу жұмыстары барысында шіркейлердің даму сатылары кешенді түрде анықталып, алынған нәтижелер негізінде оларды биологиялық және химиялық әдістермен жүйелі түрде залалсыздандыру шаралары тұрақты жүзеге асырылатын болады.


Биыл энтомологиялық мониторинг мақсатында өзен бойында бірнеше кезеңдік бақылау жүргізілді. Атап айтқанда, 2026 жылдың 14-15 ақпан, 7, 8, 15, 22, 23, 25 және 28 наурыз күндері табиғи және жасанды субстраттардан арнайы әдістемелер арқылы қажетті үлгілер жиналып, зертханалық талдауға жіберілді. Сонымен қатар зерттеу аясында өзен суының негізгі физика-химиялық көрсеткіштері анықталып, тұрақты мониторинг жүргізілуде. Олардың қатарына су температурасы, рН көрсеткіші, минералдану деңгейі, электрөткізгіштік, еріген оттегі мөлшері (оксиметрия) және су ағымының шығыны жатады.


Жалпы ғылыми сүйемелдеу жұмыстарын жүзеге асыру үшін 6 білікті биолог маман тартылып, арнайы техникалар, жүзу құралдары (қайық) және зертханалық базамен толық қамтамасыз етілген.


Сырдария өзенінің Түркістан облысы аумағынан өтетін бөлігінің ұзындығы 350 шақырымнан асады. Өзен бойында зерттеу және өңдеу жүргізілетін арнайы учаскелер белгіленіп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында тұр.

Бөлісу