Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде қылмыстық құқық бұзушылықтар 7,9%-ға төмендеді.
Түркістан облысында құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиын барысында өңірдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікке қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде қылмыстық құқық бұзушылықтар 7,9%-ға төмендеді. 10 мың тұрғынға шаққандағы қылмыс деңгейі 23-ті құрап, республикалық көрсеткіштен (61) айтарлықтай төмен болды. Аса ауыр қылмыстардың ашылу деңгейі 100%-ды құрап, қылмыстардың ашылуы жалпы республика көрсеткішінен жоғары – 75,6% деңгейінде тіркелді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде кісі өлтіру, қарақшылық, ұрлық, пәтер және мал ұрлығы сияқты негізгі қылмыс түрлері азайды. Сонымен қатар отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы және бұрын сотталған тұлғалармен жасалған құқық бұзушылықтар да төмендеді. Ал алаяқтық және интернет-алаяқтық деректері 40%-ға артқан. 2026 жылдың алғашқы екі айында құқық бұзушылықтар 8,3%-ға, қылмыс деңгейі 4,9%-ға төмендеді.
Жиын барысында қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесі кеңінен қаралды. Өткен жылы ақша жылыстату деректері бойынша тіркелген қылмыстық істер саны екі еседен астам өсіп, 38-ден 80-ге жеткен. Мамандардың айтуынша, қылмыскерлер жалған компаниялар, банк шоттары мен цифрлық құралдарды пайдалана отырып, күрделі қаржылық схемаларды жүзеге асыруда. Әсіресе, дропперлік қызмет кең таралған. Қабылданған шаралар аясында дроп-шоттарды бұғаттау, банк карталарын заңсыз беру үшін жауапкершілікті күшейту және цифрлық мониторинг жүргізу жұмыстары қолға алынды. Сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы «жеңіл табыс» ұсынатын заңсыз жарнамаларды анықтау және бұғаттау жұмыстары күшейтілді.
Жиында құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау саласының өкілдері маскүнемдіктің алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарды қылмыстық әрекеттерден қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де талқыланды.
Облыс әкімі комиссия қорытындысында жауапты мемлекеттік органдарға құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын күшейтуді, салааралық өзара іс-қимылды арттыруды және нақты нәтижеге бағытталған жүйелі шараларды жүзеге асыруды тапсырды.


