2025-2029 жылдар аралығында ауқымды жұмыстар атқарылмақ.
Түркістан облысында ұлттық жоба аясында коммуналдық секторларды жаңғырту жұмыстары жүреді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі» Ұлттық жобасы аясында 2025-2029 жылдар аралығында ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Оның қатарында өңірдегі жылу, электр, сумен жабдықтау және су бұру салаларында айтарлықтай оң өзгерістер орын алады деп күтілуде. Бұл жайында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ақтілеу Бекмұратов брифингте мәлімдеді.
«2024 жылғы жағдай бойынша «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС желілерінің тозуы 57%-ды құрайды. Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде 2029 жылы тозу деңгейін 53,5%-ға дейін төмендету күтілуде. Сондай-ақ, сумен жабдықтау мақсатында «Леңгір Су» МКК-і желілерінің 17%-ы тозғаны анықталып, жоба бойынша атқарылатын жұмыстар арқылы көрсеткішті 14%-ға дейін азайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Түркістан қаласын ауызсумен қамтып отырған «Түркістан су» мекемесі желілерін Ұлттық жоба арқылы тозу деңгейін 10%-ға дейін төмендету көзделіп отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылы 20%-ды құраған болатын. Бұдан бөлек, Кентау қаласындағы «Ащысай су» мекемесі желілердің тозуы 70%-ға жеткендігі анықталып, ауқымды жұмыстар нәтижесінде көрсеткішті 2029 жылға қарай 25%-ға төмендету жоспарланған»- деді спикер.
Ұлттық жоба жалпы энергетика саласындағы қордаланған мәселелердің оңтайлы шешімін табуға жол ашпақ. Еліміз бойынша апатты жағдайлардың деңгейін 20%-ға азайтып, энергетикалық және коммуналдық активтердің тозу деңгейін республика бойынша орта есеппен 40%-ға дейін төмендету көзделген.
Сонымен қатар, департамент тарапынан биыл 4 табиғи монополия нысандарына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Тексеру қорытындысымен «Өтебайгаз Аймақ» ЖШС заңсыз жолмен негізсіз 54 143 642,18 теңге кіріс тапқандығы анықталған. Іс Түркістан облысы Сарыағаш ауданының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына жолданған. Сондай-ақ, биыл өз міндеттерін тиісінше орындамаған табиғи монополия және қоғамдық маңызы бар нарық нысандарына қатысты 16 әкімшілік құқық бұзушылық істер қозғалып, оның ішінде 3 әкімшілік құқық бұзушылық іс сотпен қаралған. Нәтижесінде 7 865 694 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.


