Түркістан облысында 100-ге жуық білім беру ұйымы жөндеуден өтіп жатыр

0
70

Жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұлттық жоба аясында салынған «Келешек мектеп» жобасының нәтижесі де таныстырылды.


Түркістан облысында 100-ге жуық білім беру ұйымы жөндеуден өтіп жатыр

ERNUR.KZ. Түркістан облысында білім беру инфрақұрылымын дамыту, балаларға қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар тұрақты жалғасып келеді. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өңірде 100-ге жуық білім беру ұйымында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Осыған орай Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев пен облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов Ордабасы ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, білім беру ұйымдарының қазіргі жағдайымен, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен және алдағы жоспарларымен танысты. Алдымен жұмыс тобы Бөржар ауылдық округі, Қайнар елді мекеніндегі «Раушан» бөбекжай балабақшасына барды. 1978 жылы пайдалануға берілген мектепке дейінгі ұйымның ғимаратына күрделі жөндеу қажет. Қазіргі таңда тиісті сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық білім басқармасына ұсынылған. Бүгінде балабақшада 120 бүлдіршін тәрбиеленуде.
Одан кейін Қажымұқан ауылдық округі, Амангелді елді мекеніндегі балалардың жазғы сауықтыру лагерінің жай-күйі қаралды. 1960 жылы салынған лагерь ғимараты бүгінде едәуір тозған. Балалардың қауіпсіз әрі жайлы демалысын қамтамасыз ету мақсатында нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі пысықталды.
Жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұлттық жоба аясында салынған «Келешек мектеп» жобасының нәтижесі де таныстырылды. Бадам ауылдық округі, Ақбұлақ елді мекенінде орналасқан 300 орындық «Болашақ» жалпы білім беретін мектебі өткен жылы пайдалануға берілген. Заманауи талаптарға сай жабдықталған білім ордасы оқушылардың сапалы білім алуына барлық қажетті жағдаймен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, Қараспан елді мекеніндегі «Айгөлек» бөбекжай балабақшасының жай-күйі зерделенді. 1980 жылы салынған ғимаратқа да күрделі жөндеу қажет. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, тиісті ұсыныстар облысқа жолданған.
Іссапар қорытындысында облыс әкімінің орынбасары аудандағы білім беру ұйымдарының басшыларымен кеңейтілген кеңес өткізді. Жиында білім сапасын арттыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, психологиялық қолдау қызметінің тиімділігін күшейту, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту және жаңа оқу жылына дайындық мәселелері жан-жақты талқыланды. Жұмыс сапары барысында берілген тапсырмалар негізінде білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғырту, жөндеу жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау және жаңа оқу жылына дайындықты күшейту бағытында нақты міндеттер жүктелді.