ТҮРКІСТАН: Облыс әкімдігі мен «Jasyl Jaryq Invest» меморандум жасады

0
76

Түркістанның инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып, ұсыныстарға ашық екенін жеткізді.


ТҮРКІСТАН: Облыс әкімдігі мен «Jasyl Jaryq Invest» меморандум жасады

Түркістан облысының әкімі «Medal Holding GmbH» және «Jasyl Jaryq Invest» компанияларының директоры әрі құрылтайшысы Әнуар Умбетаевпен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Medal Holding GmbH» және «Jasyl Jaryq Invest» компанияларының директоры әрі құрылтайшысы Әнуар Умбетаевпен кездесті. Тараптар құрылыс индустриясын дамыту, құрылыс материалдарын өндіру, энергетика саласында және жер қойнауын пайдалану бағытында жаңа жобаларды жүзеге асыру жайын жан-жақты талқылады.


Облыс басшысы Нұралхан Көшеров Түркістанның инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып, ұсыныстарға ашық екенін жеткізді.


– 2018 жылы құрылған Түркістан облысы – стратегиялық маңызы зор және бизнес жүргізуде келешегі жарқын өңір. Облыс табиғи ресурстарға бай, адам капиталының әлеуеті жоғары, сондай-ақ инфрақұрылымы дамыған. Түркістан облысы Орталық Азияда бизнесті дамыту үшін зор мүмкіндіктерге ие. Өңір арқылы өтетін халықаралық «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі жаһандық нарықтарға шығуға және сыртқы сауданы дамытуға қосымша мүмкіндік береді. Өңір экономикасының негізгі бағыттары – ауыл шаруашылығы, туризм және өңдеу өнеркәсібі. Бұл салаларда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін барлық жағдай қарастырылған. Бұдан бөлек, өңірде жаңартылатын энергия көздері саласында да айтарлықтай ресурстық әлеует бар. Облыс – электр энергиясының таза импорттаушысы. Өңірде қытайлық «Energy China» компаниясымен бірлесіп, қуаттылығы 300 МВт болатын күн электр станциясын салу жоспарлануда. Түркістан облысы табиғи қазба байлықтарына және кен орындарына бай. Инвесторларға бірнеше негізгі алаңдарды ұсынамыз. Атап айтқанда, «Тұран» арнайы экономикалық аймағы, индустриалды аймақтар және шағын индустриалды парктер барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Біз өз тарапымыздан бизнесті дамыту бойынша бастамаларыңызға толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ұзақ мерзімді серіктестік орнайтынына сенеміз, – деген Нұралхан Көшеров өңірге қызығушылық танытып, ынтымақтастық туралы ұсыныс білдіргені үшін компания өкілдеріне алғысын білдірді.


«Medal Holding GmbH» компаниясының директоры әрі құрылтайшысы Әнуар Умбетаев компания іске асырған ірі жобалармен таныстырып, Түркістан облысына инвестиция құюға дайын екенін жеткізді.


– 2023 жылдан бастап біз Қазақстан Республикасында өз бизнесімізді белсенді түрде кеңейтіп келеміз. Біздің жобаларымызға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия Федеративтік Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің маңызды келісімдер жасауы серпін берді. Біз Түркістан облысында жаңа бизнес бағытын ашуға және инвестиция салуға ниеттіміз. Бізде бұл жобаларды жүзеге асыру үшін ауқымды технологиялық мүмкіндіктер, қаржылық ресурстар бар және заманауи деңгейде өндірісті жолға қоюға толық дайынбыз. Біз екі тарап үшін де тиімді әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа үміттенеміз. Түркістан өңірдің зор әлеуетін көріп отырмыз. Облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге бағытталған бірлескен ірі бизнес-жобаларды табысты іске асыратынымызға сенемін, – деді Әнуар Умбетаев.


Кездесу барысында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Jasyl Jaryq Invest» компаниясының директоры Әнуар Умбетаевпен Түркістан облысының коммуналдық инфрақұрылымды модернизациялау бойынша меморандумға қол қойды. Меморандум аясында жылу қазандығының техникалық жағдайын жақсарту, автоматтандыру, апатты жағдай мен тозу көрсеткішін азайту, экологияны жақсарту, таза отын түрлеріне көшу, жергілікті персоналға заманауи жабдықты басқару және пайдалану әдістерін оқыту, жаңа жұмыс орындарын құру, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру көзделіп отыр.


Айта кетейік, бас кеңсесі Германияның Ахен қаласында орналасқан «Medal Group» компаниялар тобы әртүрлі бизнес салаларында, соның ішінде инвестициялар, өндіріс, қызмет көрсету, қонақ үй бизнесі, тұрғын және коммерциялық жылжымайтын мүлік құрылысы және басқа да бағыттарда 50 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді.

Бөлісу