​ТҮРКІСТАН: Астана күні қарсаңында Созақта 25 отбасы баспаналы болды

0
89

Түркістан облысы Созақ ауданында Астана күні мерекесі қарсаңында тұрғындардың қуанышын еселеген ерекше сәт орын алды.


​ТҮРКІСТАН: Астана күні қарсаңында Созақта 25 отбасы баспаналы болды

ERNUR.KZ. Аудан орталығындағы Жеткіншек мөлтек ауданында 25 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар мен көпбалалы отбасылардың бірі ұзақ күткен кезектің өтеуін көрсе, енді бірі балаларының болашағына берік тұғыр болатын жаңа шаңыраққа қол жеткізді.

Жаңа баспаналардың кілтін табыстау рәсіміне аудан тұрғындары, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен жаңа қоныс иелері қатысты. Іс-шара барысында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков тұрғындарды жаңа қоныстарымен құттықтап, баспаналы болу – әрбір отбасы үшін ең үлкен бақыттың бастауы екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысының халықтың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында ауданымызда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүзеге асырылып келеді. Баспана – әр шаңырақтың берекесі, отбасының бақыты мен тұрақтылығының негізі. Бүгінгі қуаныш – әлеуметтік қолдау мен тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстардың жемісі. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев қоныс иелеріне ақжарма тілегін арнады.
Салтанатты сәтте жаңа пәтер иелері де жүрекжарды лебіздерін білдіріп, мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлыққа ризашылықтарын жеткізді.
Еске сала кетейік, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою және баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес «Отбасы банк» АҚ-ның бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Тұрғын үй алушылар азаматтардың мәртебесі, тұрғын үйге мұқтаждық деңгейі және кезектегі орны негізінде анықталады.
Соңғы жылдары Жеткіншек мөлтек ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынын бәсеңдеткен емес. Бұған дейін Мемлекеттік рәміздер күні мерекесінде 29 отбасы жаңа қонысқа қол жеткізсе, бүгін тағы 25 отбасының арманы орындалды. Қазіргі таңда пайдалануға дайын 22 пәтердің құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қажетті рәсімдер толық аяқталған соң бұл баспаналар да кезең-кезеңімен өз иелеріне табысталады.
Бүгінде аудан орталығында 20 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жалғасуда. Бұдан бөлек, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның еншілес ұйымдарының демеушілігімен жаңғырту бағдарламасы аясында 16 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүзеге асырылып жатыр.