Саябақ аумағы толықтай қамтылып, ретке келтірілді.
Мақтааралда өткен сенбілікке 100-ге жуық тұрғын атсалысып, 3 тонна қоқыс шығарылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Мақтаарал ауданында Мырзакент кентінің орталық саябағына ауқымды сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.
Іс-шараға Мырзакент кенті әкімі аппаратының қызметкерлері, аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары және «Мақтаарал қызмет» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының ұжымы белсене атсалысты.
Жалпы саны 100-ге жуық адам қатысқан тазалық жұмыстары барысында саябақ аумағы толықтай қамтылып, ретке келтірілді.
Тазалық шарасында демалыс орны аумағындағы жабайы шөптер шабылып, бей-берекет тасталған қоқыстар жиналды. Нәтижесінде арнайы техника көмегімен 3 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлініп, саябаққа 200 түп туя көшеті отырғызылды. Сондай-ақ бұрын егілген ағаштарға күтім жасалып, түптері ақталды.
– Жасыл желекті көбейту – экологиялық ахуалды жақсартудың және кенттің көркін арттырудың маңызды қадамдарының бірі. Мұндай сенбілік шаралары қоршаған ортаны қорғауға бағытталған мәдениетті қалыптастырып қана қоймай, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын арттырады. Алдағы уақытта да «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы тазалық және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасын табады, – деді, Мырзакент кентінің әкімі Мамыр Бейсенбаев.
Аталған іс-шара – қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға және жасыл аймақтарды көбейтуге, тұрғындардың жайлы ортада демалуына бағытталды.


