Газбен қамтылған әрбір үшінші ауыл Түркістан өңірінде орналасқан

0
1 023

75 000 түркістандық табиғи газбен қамтылады


Газбен қамтылған әрбір үшінші ауыл Түркістан өңірінде орналасқан

Түркістан облысы елді мекендерді газдандыруда елімізде көш бастап тұр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Халық санымен есептегенде, 1 млн 750 мыңға жуық халық немесе облыс тұрғындарының 81,5% табиғи газбен қамтылған. Бұл еліміздегі жалпы көрсеткіштің 28,4 пайызы. Яғни, газбен қамтылған әрбір үшінші ауыл Түркістан өңірінде орналасқан. Биыл 75 мың халық табиғи газбен қамтылады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.


Одан бөлек, облыс әкімінің жіті қадағалауымен, соңғы он жылда құрылысы тоқтап тұрған нысандарды іске қосу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде 40-қа жуық проблемалық нысан іске қосылып, 35 елді мекенде құрылыс жұмыстары басталды. Ал жарты жолда қалған «сақалды» құрылыс бойынша 4 газ тарату стансасының мәселесі шешілді. 1,5 жылдың ішінде 100 мың халық жылдар бойы күткен газға қол жеткізді.


“Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамайды. Халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында табиғи газбен қамту жұмыстар өз нәтижесін беріп отыр. Аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп жұмыс істеңіздер”, – деген облыс әкімі аудан, қала әкімдеріне газ барған ауылдардың үйлерін газға қосуды тапсырды.


Өңір тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтің айтуынша, 2024 жылы 86 нысанның құрылысына 12,2 млрд.теңге бөлініп, оның ішінде 48 нысанның (44 е.м., 7 жеткізуші газ құбыры 1 АГТС, 74 917 халық) құрылысы 2024 жылы аяқталады. Қалған 38 нысан 2025 жылға өтпелі.


Нәтижесінде Түркістан облысы тұрғындарының газбен қамту көрсеткіші 84,9 % -ға жетеді. Облыс елді мекендерін 100 % табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша табиғи газбен қамтамасыз етудің 2023-2027 жылдарға арналған іс-шара жоспары» облыс әкімдігімен бекітілді. Жоспарға сәйкес, облыстағы 319 елді мекенді (469,6 мың халық) 2027 жылы табиғи газбен қамтамасыз етуге қол жеткізеді. Жалпы, елді мекендерді газдандыру жұмыстары тұрақты бақылауда және жүйелі түрде ары қарай жалғасатын болады.