«ЖОҚ» деп айтуды ҮЙРЕНУдің 7 ЖОЛЫ

0
579

Біреудің өтінішін орындау үшін өзіңізге сатқындық жасамаңыз


«ЖОҚ» деп айтуды ҮЙРЕНУдің 7 ЖОЛЫ

Басқаларға көмектесуге үнемі дайынсыз және ұмтылып тұрасыз ба? Бұл бір қарағанда, жақсы сияқты. Өйткені мұндай адамдар бәріне ұнайды. Ал бәріне ұнауды бәріміз жақсы көреміз.

Бірақ осылайша басқалардың ықыласы мен жақсы көзқарасының, жылы сөздерінің соңында жүріп өзімізге зиян тигізіп алып жатамыз. Оны кейде байқамаймыз. Байқасақ та, өзгелер үшін құрбандыққа шалынуды доғара алмаймыз.

Шынайы қайырымдылық пен басқаларға жағу үшін жақсылық жасаудың арасында айырмашылық бар. Шын жүректен шыққан кезде өзгелерге көмектесу ләззат әкеледі. Ал «келіспесем, ренжіп қалады ғой», «кейін маған да көмектесетін шығар», «оған қарсы келуге болмайды» деген сияқты ойлардың әсерімен болса, басқалар үшін жасалған іс болғаны. Мұндайдың соңында өзіңізді пайдаланылған сияқты сезінесіз. Жақсылап рақмет айтпаса, өкпелеп қаласыз. Жасаған жақсылығыңыздың есесін күтесіз.

Егер өзіңізді осындай күйде сезінсеңіз, сізге басқалар үшін тырысуды тоқтату керек. Себебі, бұл сізге ұнамайды. Сонда да өзіңізге зиян келтіре отырып жалғастыра беруге болмас.


Мұндай қажеттілік қайдан шығады?

Басқалар үшін өзін құрбан ету, бәріне ұнауға тырысу, ешкімнің бетіне қарсы келе алмау – мұның бәрі қайдан шығады? Өз-өзіне күмәндану, өзін-өзі бағалаудың төмендігінен. Ондай адам басқаларға барлық жағынан жағымды көрінгісі келеді. Осы арқылы өзін пайдалы және құнды сезінуге тырысады. Бірақ бұл үшін ресурстарын оңды-солды шашуға тура келеді. Басқа адамдар үшін артық күш пен уақыт жұмсайды. Өзін ең соңғы орынға ысырады. Қажеттіліктері мен қызығушылықтары кейінге қалады. Ренжу, көңілі қалу, көңілсіздік және қарым-қатынаста шынайылықтың болмауы – осының бәрі нашар нәтиже.


Тоқтатуға 7 қадам

Мұндай әдетті бірден қойып кету оңай емес. Дегенмен, нақты мақсат етіп көздеп, кішкентай қадамдар арқылы жетуге болады.

  • Кім де кім қандай да бір өтініш айтқанда бірден «Иә» не «Жоқ» деп жауап бермеңіз. «Ойланайын» деңіз. Сосын расында да ойланыңыз. «Мен мұны істегім келіп тұр ма? Өзіме ешқандай зияны жоқ па? Қанша уақыт (күш) алады? Менде сонша артық уақыт (күш) бар ма? Мұны жасау маған қиынға түспей ме?» - осы сияқты сұрақтарға шынайы жауап іздеңіз.

  • Ол адам жәрдеміңізге шынымен мұқтаж ба? Әлде жай ғана сізге сеніп, жауапкершіліктен құтыла салғысы келе ме? Осыған дейін сізге жәрдем керек болғанда қол ұшын созды ма? Ол тек «алушы» ма, әлде «беруші» рөлінде де болып тұра ма? Осы төңіректе де бір шолу жасау керек. Соның бәрін бағамдап барып өз жауабыңызды қалыптастырыңыз.

  • Маңызды, үлкен істерде бірден «жоқ» деу қиынға соғатыны рас. Өзіңізді ұсақ-түйек нәрселерден бастап жаттықтырыңыз. Мәселен, «Жалғыз өзіме шай батпай отыр, кел, бірге ішейікші» десе, сол адамның шай ішуі үшін ғана жайғаса кетпеңіз. Ішкіңіз келмесе, бас тартыңыз. Немесе, «Серуендеу денсаулыққа пайдалы ғой, біраз жүріп қайтайықшы» деген уақытта сіздің қалауыңыз серуен емес, жай ғана жату болса, орныңыздан жылжымаңыз.

  • Шекараны айқын сызыңыз. Әсіресе, уақытқа қатысты. Мәселен, «Мына уақытта маған хабарласуыңызға болады, мына сағаттарда мазаламаңыз», «Осындай тақырыптарда мәселе болса, маған келіңіз. Мынадай жағдайларда мен көмектесе алмаймын» дегендей...

  • Өзіңізбен жиі сөйлесіп тұрыңыз. Ішкі қалауыңызды сұраңыз – «Маған не керек? Нені қалаймын?» Өз қалауыңыз, өз қажеттіліктеріңіз бірінші орында екенін, уақытыңыздың көп бөлігін басқаларға емес, өзіңізге жұмсау керегін үнемі ескеретіп отырыңыз. Өзіңізге де, өзгелерге де.

  • Біреудің өтінішін орындай алмайтыныңызды айтып бас тартсаңыз, ақталмаңыз. Не үшін келісе алмайтыныңызды түсіндіру үшін ойдан себеп құраудың қажеті жоқ. Ол үшін өзіңізді кінәлі сезінбеңіз. «Жоқ» деген жауабыңыз қысқа әрі нақты айтылса болды. «Кешір, уақытым жоқ», «Айып етпе, жасай алмаймын» деген сияқты жауап жеткілікті. Бұл сізді жаман не эгоист адам етіп жібермейді. Басқалар қалай қабылдайды – ол өзіне байланысты.

  • Кім де кім сізден қандай да бір көмек сұраса, қайтарымы қалай болатынын сол сәтте келісіп алыңыз. «Сенің де көмегің керек еді, орнына маған мынаны жасап бересің бе?» деген сияқты. Ол адам бас тартса, сізге айтқан өтініші де сол жерде қалады. Келіссе, екеуара бір-біріңізге пайдаларыңызды тигізесіздер.


Ешкімге, еш уақытта көмектеспе демейміз. Жомарттық пен қайырымдылық – ең жақсы қасиеттер. Тек, біреудің өтінішін орындау үшін өзіңізге сатқындық жасамасаңыз болғаны.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Анасы мен қызы ҚҰРБЫ БОЛА АЛА МА?