​Серігіңізге қоятын талабыңыз тым жоғары емес пе?

0
293

Ешкім идеал емес...


​Серігіңізге қоятын талабыңыз тым жоғары емес пе?

Мінсіз, кемшіліксіз адам болмайды. Солай бола тұра қазіргі кезде жанымыздағы екінші жанға қоятын талап өсе түсуде. Ер адамнан отбасын қамтамасыз еткеннен бөлек, көңіл бөлуді, дос секілді сырласа білуді, құштар болуды, тағы басқасын қалаймыз және талап етеміз. Бірақ ол талаптар көп жағдайда орындалмай жатады. Егер төменде жазылған белгілер сізге таныс болса, онда алдымен өзіңізбен жұмыс жасап бастаңыз және жолдасыңызға деген талабыңызды біршама түсірген жөн.


Сіз екінші жартыңызды іздейсіз

Сізге барлық жағынан 100 пайыз ұнамды адамды табу қиын. Ойдан құралған мінсіз адамды кездестірем деу, тек жалған үміт қана. Себебі сіз жасап алған үлгідегі адам шын өмірде онымен мүлде сәйкес келмейді. Сондықтан ойыңыздағы мінсіз жанды өмір бойы іздеуіңіз мүмкін. Бастысы сізді жақсы көріп, көңіліңізге қуаныш сыйлаған, сабырлы жан болса, онда қалған кемшіліктерді өзіңіз түзеуге болады.


Белгілі бір әрекет жасау үшін сөздеріңізді әдейі бұрмалап айтасыз

Негізі бала кезде көрген қарым-қатынастан жақсысын құру қиын. Әдеттегі жағдайдан шығуға деген ұмтылыс, өмірлік серігіңіздің кемшілігін асыра көруге, болмашыдан мін іздеуге, әрекетіңіз бен сөздерді әдейі бұрмалап сөйлеуге жеткізуі мүмкін. Мысалы, әйел күйеуін өзіне бала секілді қарағанына ашуы келіп, жек көреді. Күйеуінің өзіне сенім артқанын қалайды. Алайда, күйеуіне сондай талап қоя отырып, өзі қайта-қайта қателік жасайды. Ал ол қателіктер күйеуіне тікелей әсер етеді. Күйеуінің айтқаны, тапсырмалары есінен шығып кетеді, уақытында жасай қоймайды. Күйеуі бұған ашуланса, онда бала секілді ақталып, жылап шыға келеді. Осындай сәттерге мән бере қарап үйренген дұрыс. Талап ету үшін, алдымен өз ісіңізге мұқият болыңыз.


Өзіңізбен бірдей болуды талап ету

Алғашқы кездескен кезде адамдар бір-бірінен өзгешелік пен ерекше тұлға көреді. Бірге тұра келе жолдасыңыздың ішкі дүниесі маңыздылығын жоғалтады. Яғни «сен және мен» орнына «біз» бола бастайды. Өз еркіндігіңізді шектеп және дәл соны серігіңізден талап етсеңіз, онда сезім әлсіреп, қарым-қатынас өзінің ерекшелігінжоғалтады. Өзіңізбен бірдей болуды талап ету сіз алғаш ғашық болған жанның жеке тұлғалығын жоғалтады. Тұлғалығын жоғалтқан адам көңілсіз және жүйкеге тигіш келеді.

Адамдар көбіне өз өкпе-ренішіне байланып қалады және өз әрекетіне сырттан қарап көрмейді де немесе өзін серігініңорнына қойып көрмейді. Сүйікті адамының өз жеке ойы, басқаша тәжірибесі бар екенін ұмытады. Оның көзқарасында жағдай мүлде басқаша көрінуі мүмкін.

Өзіңізді тексеріп көріңіз. Жолдасыңызды жеке тұлға ретінде көресіз бе әлде оны тек отбасының бір бөлігі санайсыз ба? Егер соңғысына тоқталсаңыз, онда оның бойынан өзіңіз сүйген жанды қайта іздеп көріңіз.


Жолдасыңыздың еркіндігін сыйламайсыз

Адамдар бір-біріне әбден үйренісіп алған соң сұрақ қою, шекарадан шығу және сын айту оңай болады. Серігіңізге көңілі қаламаған нәрсені істетесіз немесе көңіл бөлуін талап етіп қызықты ісінен, жолдастарынан аластатасыз. Адамдардың көпшілігі мұны әдейі жасамайды, тек өзін қауіпсіз сезіну үшін жолдасының еркіндігін шектеуге тырысады.

Арадағы қарым-қатынас шеңбері тарылған сайын ерлі-зайыптылардың екеуі де қиналады. Керісінше шеңбер кеңейген сайын қарым-қатынас тұрақты әрі өміршең бола түседі. Ал бұл көбіне ерлі-зайыптылардың бір-бірінің еркіндігін қаншалықты бағалайтындарына байланысты. Еркіндік беру арқылы арақатынасты нығайтып, бір-біріңізге жақын бола түсесіз.


Жолдасым ойымды оқиды деп күтпеңіз

Көптеген жандар шын сүйген адам жолдасының ойын, қажеттілігін айтқызбай біледі деп ойлап қателеседі. Кейін олай істемеді, былай жасамады деп немесе ауыр кн болғанын айтпай, көңіл күйінің бұзылғанын байқамағанына ренжіп жатады.

Адамдар әлсіз көрінбеу үшін өздерінің тілегі мен қажеттілігі туралы айтпайды. Алайда, өз керегіңізді айту, жақыныңызға тілегіңізді жеткізудің жалғыз жолы. Өз қалауыңызды айтып үйреніңіз.


Өз игілігіңіз үшін бар жауапкершілікті жолдасыңызға артпаңыз

Жақсы көрген жандар бір-біріне қамқорлық танытады, қолдайды. Бұл қарым-қатынастың керемет жағы. Егер ерлі-зайыптылардың бірі өз игілігі үшін бар жауапкершілікті серігіне артып қойса, онда ол қосымша ауыртпалық болады және даму мүмкіндігінен айрылады. Жауапкершіліктің екі жаққа бірдей жүктелмеуі ренішке, ұрысқа, көңіл толмауына алып келеді. Сондықтан өзіңіз істеу керек нәрсені жолдасыңыздан талап етпеңіз.


Қиялмен жүресіз

Кейде адам өз өткені мен алғашқы тәжірибесіне сүйеніп, болашақтағы қарым-қатынасты қиялға ерік беріп ойдан құрастырып алады, өзгелерден не күту керек екенін де болжаммен жасап алады. Мұндай нәрсе адамды жақсылап танып білуге кедергі келтіреді. Ол адам сіздің ойыңыз бен ішкі қорқынышыңыздың көлеңкесінде қалып қояды. Ең дұрысы серігім мынандай болу керек деген қиялдан арылып, шынайы қабылдай білу керек.

Жолдасыңызбен бір бүтін болуға тырысудың керегі жоқ. Бір-бірін сүйетін, құрметтейтін, жеке тұлға болып қалған жөн. Осы тәртіпті ұстансаңыз онда жолдасыңыздың әлсіздігіне шыдамдырақ боласыз.


Бақытты болуды өз міндетіңізге аласыз

Бізде «қыз барған жеріне бақытты болам деп емес, бақытты етем деп барады» деген сөз бар. Осы сөзді құлағына құйып өскен жан отбасын құрған соң жолдасының бақытты болуын өз міндетіне алады. Соден келіп «мен осы отбасын бақытты етуге тырысып жүрмін, сен де былай жасасаң болады ғой» деген ұсақ әңгіме басталады. Негізі әркім өз өмірі үшін өзі жауапты, отбасының бақытын құрау тек бір ғана адамның мойнына артылатын жүк емес.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ