​Лабубуға құмарлықтың қандай зияны бар?

0
183


​Лабубуға құмарлықтың қандай зияны бар?

2025 жылдың тренді – Лабубу атты жұмсақ ойыншықтардың танымалдылығы әлемдік атақты жұлдыздардан кем түспейді десек те болады. Олар сөмкеге арналған ең қалаулы, ең сүйікті, ең өтімді салпыншақтарға айналды.

Сырт көрінісі сүйкімсіз ойыншық неге сонша сүйіктіге айналды? Балаға арналған бұйымға ересектер неге құмартты? Бұл жай өткінші сән бе әлде классикалық коллекцияға айнала ала ма?


Лабубу – ұзын құлақты, ақсиған тісті, езуі екі құлағына жетеқабыл үлпілдек ойыншық. Ол суретші Касинг Лунгтың «Құбыжықтар» атты қиял-ғажайып туындысының кейіпкері.

Лабубудың алғашқы топтамасы 2023 жылы шыққанымен, бастапқыда көп назарға ие бола қоймады. Тек 2024 жылдың ортасына қарай Азияда хитке айналды, ал көп ұзамай АҚШ пен Еуропаға да жетті. Нағыз шу Blackpink тобының мүшесі Лиса Лабубу ойыншықтарын әлеуметтік желіде көрсеткеннен кейін басталды. Рианна, Дуа Липа, Ким Кардашьян сияқты әлемдік танымал тұлғалар сөмкелеріне Лабубу тағып шыға бастады. TikTok-та да бұл ойыншықтар вирус секілді тарады.

Түпнұсқа Лабубулар әлі күнге дейін жылдам сатылып кетеді. Коллекционерлер сатылым туралы хабарламаларды аңдып, тауар түскен бойда сатып алады.


Күтпеген танымалдықтың құпиясы

Лабубудың кенеттен танымал болу себебі қарапайым – трендке соқыр санамен еру. Дәл осы әрекеттің жетегіндегі адамдар бірінің соңынан бірі ілесе корсет, жыртық джинсылар киіп, кіндігін ашып, тәніне сурет салып шықты. Бірінен-бірі қалмай спиннер айналдырып, Хагги вагимен құшақтасып отырды. Тіпті соңғы уақыттарда балалар жаппай жануарлар киімін киіп, квадроберге айналып, төрттағандап еңбектеп кетті. Көріп отырғанымыздай,адамдар бір үрдісті жаппай қайталауы үшін көптің сүйіктісіне айналған атақты адам бастаса болғаны.


Лабубумания психологиясы

Әрине, ересек адамдар қандай ойын ойнаса да өз еркі. Бірақ мәселе балаға қатысты болғанда, мұқиятырақ үңілуді талап етеді.


Ностальгия және регресс — жаңа релакс. Соңғы жылдарда әлем тұтас күйзеліске, белгісіздік пен цифрлық шуға толы. Миымыз үнемі тыныштық, қауіпсіздік, қамқорлық іздейді. Сол сәтте әлемдік сахнаға Лабубу шығады. Өзімен бірге бала кездегі қарапайымдық пен қамсыздықтың бейнесін ала келеді.

Регрессия – стреске қарсы табиғи қорғаныс реакциясы. Яғни, адам психикасының бұрынғы, балалық мінез-құлық үлгілеріне уақытша оралуы.

Жұмсақ әрі қорғансыз бірдеңені құшақтау — нағыз регресс. Бұл ойша көрпеге оранып, жылы жерде жатқанды елестеткендегідей әсер. Кім қазір аз уақытқа болса да барлық проблеманы, жауапкершілікті сілкіп тастап, мұңсыз-қамсыз жүрген балалық шағына қайтқысы келмейді? Лабубу – сол күйге оралудың «билетін» ұсынатын бекетші.


«Бәрі ұстап жүр, мен де қалаймын!»Лабубудың әлеуметтік желі арқылы жарнамалануы – жай кездейсоқтық емес. Оны сүйікті блогерінен, досынан не әріптесінен көрген сәтте солардың қатарына қосылуға деген құштарлық оянады. Олардың істегенін істеу не олармен бірдей болу өзін «Мен де солардың қатарындамын, осал емеспін, ешкімнен кем емеспін» дегендей тоқмейіл сезім береді.

Проекцияға арналған бос кенеп. Лабубудың жүзі — таза парақ. Айқын эмоциясы жоқ. Дәл осы оның ұтымды тұсы. Сен қалай қабылдасаң, солай құбылады. Адам миы белгісіз, бейтарап нәрсеге өз эмоциясын «жапсыруға» құмар. Мұңайып тұрсыз ба? Онда сізге Лабубу да мұңды боп көрінеді. Көңіл-күйіңіз кезде ол да сізге қарап жайнап күліп тұрғандай. Осылайша әр адам оның бет-әлпетін өз көңіл-күйіне қарай «өзгертеді». Мұның тиімті тағы бір тұсы – Лабубу әрқашан қасыңыздан табылатын, жаныңызды жақсы түсінетін, қуаныш-қайғыңызды бөлісетін ең жақсы дос сияқты көрінеді.


Тактильдік терапия. Смартфондар дәуірінде бізге жанасу сезімі жетіспейді. Жұмсақ, жағымды заттарға жанасу (мысалы, мысықпен ойнау, ауыр көрпеге орану, т.б.) стресс гормоны – кортизолды азайтып, жақындық пен тыныштық гормоны – окситоцинді арттыратыны дәлелденген. Осы жағынан алғанда Лабубу – жаңа буынның антистресс-ойыншығы. Оны кез келген жерде қысып, умаждап, сипау арқылы тактильді терапиядан өткендей болады.


«Аңшылық құштарлық» және коллекционердің қуанышы. Лабубу сатылымының маркетингтік жүйесі адамдардағы аңшылық және коллекционерлік инстинкті оятты. Шектеулі шығарылымдар, «жасырын» модельдер, тосынсыйлар, айырбастау – осының бәрі эмоция сыйлау арқылы сатып алуға шақыратын айлалар. Мидағы марапат жүйесі (дофамин) тек ойыншықты алған сәтте емес, оны іздеу кезінде де белсендіріледі. Коллекция жинау — ретке келтіру, бақылау және жетістікке жету қажеттілігін қанағаттандырады. Сирек кездесетін сүйікті бұйымын тауып алғандағы не тосынсый алған кездегі қуанышты есіңізге түсіріңіз. Лабубу ересектерге дәл сондай эмоция береді.


Шығармашыл қырын ашуға сеп болады. Лабубу ойыншықтарын әркім өз қалауынша әрлеп, өз талғамына сай етіп дараландыруына мүмкіндік ойластырылған. Оларға әшекей тағып, макияж жасап, татуировка салып, киіндіруге мүмкіндік бар. Бұл ойыншықтарға арналған киім нарығы да өте кең. Кей адамдар өз қолымен «күнделікті киетін» киімдертігіп берсе, енді біреулер тақырыптық костюмдермен сәндейді. Тіпті танымал брендтер стилінде киіндіремін десе де, кедергі жоқ. Сатылымнан олардың Лабубуға арналған көшірмесін табу да қиын емес.


Таңдау сізде!

Қазіргі ата-аналар көбіне бұқаралық мәдениетке бағынады, «бәрі соны жасап жатыр ғой» деп ақталады. Баланы дұрыс дамыту емес, қатарынан кем қылмауды басты орынға қойғаны байқалады. Шын мәнінде, тәрбие – бұл тыйым салу емес, саналы таңдау жасауға үйрету. Айналасындағы жиі көретін, қабылдайтын бейнелер мен символдар арқылы баланың психикасы қалыптасады. Егер кішкентайынан агрессивті, қорқынышты кейіпкерлермен қоршалса, ол өскенде мейірімді, позитивті адам болып жетіледі дегенге кепіл жоқ.

Қорыта айтарымыз, Лабубу – заманауи қоғамның жүйкесін дәл басқан әлеуметтік-психологиялық феномен. Егер басқа дүниенің бәрін қойып, соңына шам алып түсетіндей тәуелділікке ұшырамасаңыз, оның келтірер зардабы жоқ. Ал бар ойыңызды «Лабубумания» торласа, ең үлкен қауіп сол.

Баланың Лабубуға құмарлығы басқа да ойыншықтаға қызығуылығымен қатар болса, аса алаңдаудың қажеті жоқ. Өйткені сән үнемі ауысып отырады әрі бұл жиі болады. Қазіргі уақытқа дейін Лабубуға деген құмарлық жаппай теріс салдарға немесе тәуелділікке әкелген жоқ.

Дайындаған; А. Бектұрғанова,

ERNUR.KZ