Терлеу мен қолтықтағы жағымсыз иіс – адамды ыңғайсыз жағдайға қалдыратын кең таралған мәселе.
фото: ЖИ
Аяқ пен қолтықтың иістенуі адамның қонаққа, спортзалға барудан, тіпті дүкенде киім таңдаудан қысылуына себеп болуы мүмкін. Бұл мәселелер неден пайда болады және олардан қалай құтылуға болатыны туралы айтып өтейік.
Жағымсыз иіс – бактериялар мен саңырауқұлақтардың көбеюінің белгісі. Терлеу – ағзаның табиғи процесі. Тер дене температурасын қалыпты ұстауға көмектеседі. Тер негізінен су мен тұздан тұратындықтан, өздігінен иіссіз болады. Алайда адамның терісінде көптеген микроорганизмдер – бактериялар мен саңырауқұлақтар өмір сүреді. Мысалы, аяқ табанында ғана саңырауқұлақтардың 80-ге жуық түрі кездеседі. Бұл микроорганизмдер термен, терінің өлі жасушаларымен және май бездерінің бөлінділерімен қоректенеді. Егер олардың мөлшері қалыпты болса, зиян келтірмейді. Бірақ аяқ пен қолтық қатты терлеген кезде бактериялар мен саңырауқұлақтар тез көбейіп, жағымсыз иіс шығара бастайды.
Жағымсыз иіс қалай пайда болады?
Бактериялар мен саңырауқұлақтар тер мен май бездерінің бөлінділерін ыдыратқанда төмендегідей заттар пайда болады:
Май қышқылдары – ащылау, жануар иісіне ұқсас иіс шығарады. Аммиак – мысық зәріне ұқсас өткір иіс береді. Тиоспирттер – шіріген пияз немесе бұзылған еттің иісіне ұқсайды. Сүт қышқылы – ашыған сүт секілді қышқылтым иіс береді. Демек, бактериялар мен саңырауқұлақтар неғұрлым көп болса, иіс те соғұрлым күшейе түседі.
Қолтық пен аяқ иісі неден
Жеке бас гигиенасын сақтамау; қолтық пен аяқты уақытылы жумау; сапасыз аяқ киім кию; ыстықта жабық аяқ киіммен ұзақ жүру; қант диабеті, артық салмақ сияқты аурулар; жүйке және эндокриндік жүйе бұзылыстары; сарымсақ, пияз, майлы тағамдар сияқты өткір иісті тағамдарды көп тұтыну.
Қатты терлеуге не себеп болады?
Ауыр жұмыс, жүгіру, белсенді қимыл; ыстық ауа райы; бүйрек аурулары; стресс пен паникалық шабуылдар; қалың немесе синтетикалық киім кию; гормондық өзгерістер.
Қолтықтағы жағымсыз иістен құтылу жолдары
Дезодорант немесе антиперспирант қолдану. Антиперспирант тер бөлінуін азайтып, бактерияларды жояды.
Теймур пастасы немесе Формидрон қолдануға болады, бірақ олар аллергия тудыруы мүмкін. Мұны міндетті түрде дәрігермен кеңесіп барып қолдану керек.
Қолтық пен аяқты антибактериалды немесе қарамайлы ("дегтярное") сабынмен жуу.
*Қатты терлегенде жиі жуыну.
* Қолтықтағы түктерді алып тастап тұру.
* Мақта немесе жүн матадан тігілген кең киім кию.
* Тер сіңген киімді жуып қайта кию.
* Моншаға барып, ағзаны тазарту.
* Ботокс егу – тер бөлінуін шамамен 6 айға азайтады.
* Кей жағдайда операция арқылы тер бездерін алып тастайды.
* Түймедақ қайнатпасын пайдалану да пайдалы.
Шуаштан (аяқ иісінен) арылу жолдары
- Егер аяқта саңырауқұлақ болса, міндетті түрде дерматологқа қаралу.
- Басқа адамның аяқ киімін кимеу.
- Ыстықта жабық аяқ киімнен бас тарту.
- Табиғи былғарыдан жасалған аяқ киім кию.
- Синтетикалық шұлық кимеу және шұлықты күн сайын ауыстыру.
- Аяқ киімді жиі жуып, кептіріп тұру.
- Аяқты сода немесе тұз қосылған суға 7–10 минут салу.
- Аяққа арналған дезодорант қолдану.
- Табанды лимон шырынымен сүрту.
- Жалбыз немесе емен қабығының қайнатпасымен жуу.
Пайдалы кеңес
Жағымсыз иістен арылуға тамақтанудың да көмегі көп. Тамақ мәзірінде жеміс-жидек, көкөніс, көк шай, таза су және табиғи шырындар көбірек болса, зат алмасу процесі мен ағзаның тазару қызметі айтарлықтай жақсарады. Нәтижесінде, тер бездері арқылы бөлінетін токсиндер азайып, денедегі жағымсыз иіс табиғи жолмен жойылады.
Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз:


