фото: istockphoto.com
Күннің суыта бастағаны өз алдына, еліміздің солтүстік өңірлерінде аязды күндер басталып та кетті. Сондықтан жылы жүріп, бет күтімінің ерекше түріне көшкеніміз абзал. Себебі аяз бен жел беттің терісін құрғатып жібереді.
Бетті ыстық сумен жууға болмайтындығын көпшілігіңіз білетін дешығарсыз, дегенмен, тым салқын сумен де жууға болмайды. Косметологтар алдын ала арнайы қайнаған су дайындап қоюға кеңес береді. Қайнаған судың бөлме температурасына енгенін күтіп, жылы сумен күнделікті бетіңізді жуыңыз.
Пиллинг емес, гоммаж
Суық, аязды күндері теріні терең тазалайтын пилингті қолдануға болмайды, оның орнына иісмай түріндегі гоммажды пайдаланған жөн. Сондай-ақ күнделікті макияж тазалауға құрамында спирті бар лосьон емес, косметикалық сүтті (молочко) қолданыңыз. Далаға шығардан бір сағат бұрын нәрлендіргіш иісмайды, 10-15 минут өткен соң, қыстық тональды кремді жағыңыз. Себебі жаққан бойда аязға шықсаңыз, теріні құрғатып, тіпті жарып жібереді.
Косметикалық өнімдерді бір өндірушіден пайдалану
Бет күтімінде есте болатын маңызды нәрсенің бірі - бір брендтің қысқа арналған косметикалық заттарын пайдалану. Яғни күтім кешені бір өндірушінің өнімі болғаны жөн.
Кешке бетті тазалағаннан кейін, міндетті түрде ылғалдандырғыш иісмайды жағыңыз. Ұйықтағанда тері құрғамас үшін ыдысқа су құйып қойған да пайдалы.
Қысты күндері көптеген адамның ұйқысы қанбайды. Жұмыста қалғып-мүлгіп отырмас үшін кофе, шай ішіп жатамыз. Алайда ағзаға пайдалысы - су, сол себепті күніне 1,5-2 литр су ішуге әдеттенген дұрыс.
Дәруменді көптеп тұтыныңыз
Сіздің тамақ мәзіріңіз ет, бауыр, сүт, жұмыртқа, бал және балық, көкөністер мен жемістерден тұрғаны абзал, себебі мұнда теріге қажетті дәрумендер бар. Кейбіреулер дәріханадан дайын дәрумендерді сатып алып жатады. Дегенмен аязды күндері тамақты мезгілімен ішу сіздің бойыңызды жылытып, күш-қуат береді.
Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз:


